Қырғызстан Конституциялық соты өлім жазасын қайтару туралы президент ойымен келіспеді

Қырғызстанның Конституциялық соты президент Садыр Жапаровтың «Қырғыз Республикасы Конституциясына өзгеріс енгізу туралы» Заңының жобасына балаларды зорлаумен байланысты және кісі өлтірген адамдар үшін өлім жазасын қайтару туралы ұсынысын қарады.
«Конституциялық сот Конституция адамның құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде бекітетінін, ал оларды қамтамасыз ету кепілдіктері жүйесі конституциялық құрылыстың негізін құрайтынын және Негізгі Заңның рұқсат етілген өзгерістерінің шегін алдын ала белгілейтінін атап өтті», – делінген қырғыз БАҚ-тарында тараған ақпаратта.
Сот өмір сүру құқығы және өлім жазасына тыйым салу қылмыстық саясат, сот төрелігінің мазмұны, құқық қорғау органдарының стандарттарын белгілейтін қоғамдық жүйені құрушы фактор екенін еске салды. Және осыған байланыс президент ұсынысымен келісу мүмкін болмайтынын атап өтті.
Бұған қоса, Конституциялық сот Жапаровтың ұсынысы Халықаралық құқықтық жүйе стандарттарына сай келмейтінін, ал Қырғызстан халықаралық міндеттемелерді сақтауы тиіс екенін қоса кетті.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Садыр Жапаров Қырғызстанда балалар мен әйелдерге қатысты аса ауыр қылмыс жасағандар үшін өлім жазасын қайтару туралы бастама көтерген болатын.