«Ресейге бара жатқан»: Сот 4 шетел азаматы қайтыс болған оқиғаға қатысты үкім оқыды

Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қазығұрт ауданы аумағында Ресейге жұмыс істеуге бара жатқан 4 Өзбекстан азаматының өмірін қиған жол-көлік апатына қатысқы үкім шығарды. Сот жүргізушіні 5 жылға бас бостандығынан айырды.
Мән-жайы
Сот кабинеті жүйесіне ілінген сот үкіміне қарағанда, 37 жастағы Өзбекстан азаматы Жамшид Исломов «Chevrolet Captiva» автокөлігімен Ресейге адам тасыған. Биыл 28 маусым күні әдеттегідей «Қапланбек» кеден бекетінен өткен. Шаршаулы күйде «Алматы-Термез-Ташкент» тас жолымен Шымкент қаласына қарай жолға шыққан. Қазығұрт асуына келгенде, көзі ілініп кетіп жүк көлігінің артынан келіп соқтығысқан. Салдарынан көлік ішінде болған Өзбекстанның Ресейге жұмыс істеу мақсатында жолға шыққан 4 азаматы ауыр дене жарақатынан оқиға орнында көз жұмған. Қайтыс болғандардың ішінде әйелі де бар. Ал екі адам жеңіл дәрежелі дене жарақатын алған.
Сотта сотталушы кінәсін толық мойындаған. Жолда ұйқы қысса да көлік жүргізіп, тынығып алмағанына өкінетінін жеткізген. Сот оның бұл әрекетін «жол жүрісі қағидаларының талаптарын өрескел бұзу» деп бағалады.
Үкім
«Исломов Жамшид Ергашевич Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен («Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бабы – ред.) кінәлі деп танылсын, оған осы баппен 5 жыл мерзiмге көлiк құралын жүргiзу құқығынан айыра отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын» делінген сот үкімінде.
Сотталушы жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтеу тағайындалды. Оған тағайындалған негізгі жазаның орындауы 5 жылға дейін, нақтырақ айтқанда балаларының кенжесі 14 жасқа толғанға дейін кейінге қалдырылды. Ол сот залынан қамаудан босатылды.
Оның бұған дейінгі қамаудағы 1 күні жаза мерзімінің 2 күніне есептелді.
Бұған дейін, Жетісуда жол апатына айыпкерді жұрт көзінше соттаған.