Таиландтың әскери-теңіз күштері Камбоджамен шекарада әскери операция бастады

Таиланд корольдігінің әскери-теңіз күштері мен елдің әскери-әуе күштері «Trat Suppresses Foes» атты операцияны бастады.
Бұл туралы Трат провинциясындағы шекаралық қорғаныс күштері штабы хабарлады. Камбоджамен арадағы қақтығыс ушыға түсті.
Интерфакс ақпаратына қарағанда, Таиланд Камбоджамен шекарадағы қақтығыстар жиілегеніне жауап ретінде операцияларды күшейтуді ұйғарған.
Атап айтқанда, HTMS Thepa атты әскери кемесі тәулік бойы патрульдеу және бақылау жүргізу үшін операция аймағына жіберілді.
Экипаж толық жауынгерлік дайындыққа келтірілген. Кеменің қару-жарақ жүйелері кез келген ушығуға жедел әрекет ете алады.
Барлық тай балық аулау кемелеріне Таиланд пен Камбоджа арасындағы теңіз шекарасына жақындамау туралы ескерту берілді.
Дүйсенбі күні Таиланд пен Камбоджа шекарасында ұрыс болды. Камбоджаның ұлттық қорғаныс министрлігінің мәліметінше, алғашқы болып оқ атқан – Таиланд. Ал Бангкок бұл мәлімдемені жоққа шығарып, керісінше Камбоджаны айыптап отыр.
Екі тарап та бұған дейін АҚШ-тың қысымымен қол жеткізілген бітімді бұзды деп бір-бірін кінәлауда.
Шілде айындағы қақтығыс салдарынан 48 адам қаза тауып, 300 мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Сол кезде АҚШ тараптарды келіссөз үстеліне отырғыза алған еді.