Жаңалықтар

Делдалсыз сауда: Алматы билігі коммуналдық жәрмеңке өткізуді көздейді

Алматы қаласы жәрмеңке
фото: gov.kz

Алматы қаласының билігі мегаполисте коммуналдық жәрмеңкелер құруды көздейді. Мәселе әкім Дархан Сатыбалды өткізген кеңесте талқыланды. Бұл туралы Kursiv.Media қалалық әкімдік мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Қоғамдық жәрмеңкелер ұйымдастырудағы мақсат – делдалдардан бас тартып, шаруалар үшін қолайлы жағдай жасау.

«Қазір бірнеше шешім пысықталып жатыр. Әр ауданда жаңа жәрмеңкелерді орналастыруға арналған алдын ала орындар белгіленді», – деп таратты қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Билік «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі павильондарды заман талабына сай жаңартқысы келеді.

«Жоба сарапшылармен және тиісті қызметтермен бірлесіп пысықталады. Талдау нәтижелері бойынша жәрмеңкелердің оңтайлы форматы, оның ішінде инфрақұрылымы, орналастыру тәртібі және баға белгілеу тетіктері ұсынылады».

Әкім Сатыбалдының айтуынша, қаланың міндеті – ашық сауда жүйесін қалыптастыру, жергілікті өндірушілерді қолдау және сатып алушылар үшін қолайлы жағдай жасау.

Коммуналдық жәрмеңкелердің бір ерекшелігі – сауданың мұндай түрі маусым сайын емес, тұрақты өтіп тұрады. Соның көмегімен жергілікті биліктер шаруалар мен тұтынушыларды қолдап қана қоймай, бағаға ықпал ете алады.

Бұл уақытта Астана билігі әр аптаның демалыс күндері арзан ет сатылатын Соғым-FEST жәрмеңкесін ұйымдастырып жүр.

Бұған дейін Kursiv.Media Алматыда ең арзан тауық еті бірден 550 теңгеге қымбаттайтыны туралы жазған.