Доллар бір аптаның ішінде 15 теңгеге қымбаттады

Жарияланды 10 Желтоқсан 2025 17:32

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
доллар теңге валюта
фото: shutterstock

Ұлттық Банктің бірнеше ай бойы жүргізген еңбегі бір аптаның ішінде құнсызданды. 10 желтоқсанда Қазақстан қор биржасындағы (KASE) валюта саудасы барысында 1 доллар 518,22 теңге болды. Енді көк ақша айырбас мекемелерінде 523 теңгеден сатылып жатыр.

Осылайша ұлттық валюта бір тәуліктің ішінде тағы да 3,39 теңгеге құлдырады. Төл теңге айналдырған жеті күнде шамамен 15 теңгеге құнсызданды. 3 желтоқсанда ғана доллар бағамы 502 теңге болған еді.

Ұлттық Банк 2025 жылғы жаздан бері төл теңгені нығайту мақсатында әуелі интервенция жасап, одан соң «айналау» әрекетіне көшкен. Соның арқасында доллар 550-ден 500 теңгеге дейін түскен. Сол үшін бас банк миллиардтаған доллар жұмсаған.

Дегенмен қазір KASE-дегі валюта саудасының көлемі азайып келе жатқанын көріп отырмыз. Мәселен, 10 желтоқсанда биржада шамамен 262 млн долларға валюта саудасы жасалды. Бұл кешегі көрсеткіштен 73 млн долларға кем.

Елдегі валюта айырбастау мекемелеріне де доллар қымбаттап жатыр. Kurs.kz мәліметінше, Алматы қаласындағы пунктерде 1 доллар 519,7 теңгеден қабылданып, 521 теңгеден сатылып жатыр. Астана қаласында, әдеттегідей, бағам сәл жоғарырақ – 516 және 523 теңге.

Сондай-ақ оқыңыз