Жаңалықтар

Қытай инвесторлары Түркістанда дайын үй құрастыратын кәсіпорын ашады

дайын үй капсулалы модульді
фото: shutterstock

Қытайдың тағы бірнеше компаниясы Түркістан облысына инвестиция құйғысы келеді. Енді олар өңірге капсулалы, яғни дайын үйлер құрастыру жобасын ұсынды. Бұл туралы Kursiv.Media облыс әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Өңір қытай инвесторларын қолдайды

Түркістан облысы әкімдігінің өкілдері қытай инвесторларымен кездесті. Олардың арасында көрші елдің Jinhao Group пен Hunan Jumper Holding компанияларының өкілдері бар.

«Инвесторлар облыс аумағында капсулалы үйлер мен металлоконструкциялар құрастыру жобаларын іске асыруға қызығушылық танытты», – деп таратты өңір билігі.

Инвесторлармен жүздесуде құрылыс саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, өңірге жаңа технология тарту мәселелері сөз болды. Жергілікті билік жобаны жүзеге асыру үшін қолдау көрсететінін мәлімдеді.

Компаниялар туралы мәлімет

Jinhao Group Қытайдың Харбин қаласында орналасқан компания. Ол құрылыс материалдарын өндіреді. Компания сайтындағы мәліметке қарағанда, топтың 11 еншілес компаниясы, сегіз өндіріс кәсіпорыны бар. Ал оның Харбиндегі ірі паркі 190 мың шаршы метрді алып жатыр.

Hunan Jumper Holding өндіріске озық үлгідегі жасанды интеллект технологиясын енгізумен айналысады. Кәсіпорын технологиялары кен байыту ісінде жиі қолданылады.

Түркістан облысы мен Қытайдың қос компаниясымен келіссөздер әлі жалғасып жатыр. Инвесторлар «Turan» және Түркістан өндіріс аймақтарын аралап, өнеркәсіп мүмкіндігімен танысты.

Бұған дейін Kursiv.Media Түркістанда киіз үй стилінде қонақүй салып, көшеге жүзім отырғызатыны туралы жазған.