Зеленский Қырымды қайтаруға күші жетпейтінін мойындады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Украина президенті Владимир Зеленский / фото: REUTERS/Alexander Drago
Украина президенті Владимир Зеленский / фото: REUTERS/Alexander Drago

Украина президенті Владимир Зеленский 2014 жылы Ресей аннексиялап алған Қырымды қайтаруға қазір күші жетпейтінін мойындады. Бұған қоса, ол соғыс жүріп жатқан елде президент сайлауын өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы CNN хабарлады.

Қырым мәселесі

«Шынымды айтсам, қазір бізде мұның бәріне күш жоқ, осының бәріне жеткілікті қолдау жоқ», – деп жауап берді украин президенті Қырым түбегіне қатысты сауалға.

Сонымен бірге, Зеленский әзірге Украинаға НАТО сапында орын жоқ екенін де мойындауға мәжбүр болды.

«Біз шынымен НАТО-ға кіргіміз келеді. Бірақ АҚШ, тағы бірнеше ел Украинаны әзірге НАТО құрамында көргісі келіп отырған жоқ», – дейді Зеленский.

Ол Киевтің әскери альянсқа қосылуына Ресей жағы да келісе қоймайтынын мәлімдеді.

Президент сайлау

Одақтастар дауыс беру қауіпсіздігіне кепіл берсе, Украина алдағы 60-90 күн ішінде сайлау өткізуге дайын. АҚШ президенті Дональд Трамптың сынына Зеленский осылай деп жауап берді.

«Мен сайлауға дайынмын. Құрама Штаттардан, Еуропадағы әріптестерден сайлау қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмек сұраймын. Мен мұны қазір ашық жариялаймын», – дейді Зеленский.

Бұған дейін Трамп Украина басшылығы соғысты «сайлау өткізбеу үшін» сылтау ретінде пайдаланады деп мәлімдеген.

Украина 2025 жылғы 10 желтоқсанда АҚШ-қа бейбітшілік келісімінің жобасын көрсетуді көздеп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз