
Үкімет құны 10.2 трлн теңгеге жуық сомаға ірі индустриялық жобалар портфелін жасақтады. Оның аясында елде 20 мыңнан аса жұмыс орны ашылады деген жоспар бар.
Жобалар шикізат бағасының ауытқуларына тәуелділікті азайтуға және нақты өнеркәсіптік өндірісті дамытуға бағытталған. Олардың ішіндегі ірі жобаларды атап өтсек:
- «ЕвроХим–Қаратау» ЖШС Жамбыл облысында күкірт қышқылы, минералды тыңайтқыштар және индустриялық өнімдерді өндіреді. Инвестиция көлемі – 536 млрд теңге. 1,2 мың жұмыс орны ашылады. Жоспарланған өнім – жылына 800 мың тонна. Келесі жылы іске қосылады.
- Түркістан облысындағы «Састөбе химиялық кешені» ЖШС каустикалық сода, ПВХ және ілеспе материалдар шығарады. Инвестиция көлемі – 153,9 млрд теңге. 940 жұмыс орны ашылады. Жылына 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна ПВХ, 200 мың тонна кальций карбиді және 400 мың тонна әк өндіріледі. 2027 жылы іске қосылады.
- «Qazaq Kalium Ltd» ЖК – БҚО-дағы «Сатимола» кен орнынан калий тұздары бойынша байыту-өндіру кешені. Инвестиция көлемі – 1,2 трлн теңге. 4 000 жұмыс орны ашылады. Жоспарланған өнім – жылына 1,5 млн тонна калий тыңайтқышы. 2027 жылы іске қосылады.
- Түркістан облысындағы «Taiqonyr Qyshqyl Zauyty» ЖШС күкірт қышқылы зауыты. Инвестиция көлемі – 113,5 млрд теңге. 274 жұмыс орны орны ашылады. Жылына 800 мың тонна күкірт қышқылы шығарылады. 2027 жылы іске қосылады.
- Қарағанды облысында болат өнімдерінің жаңа түрлерін шығару арқылы «Qarmet» АҚ өндірісін кеңейту. Инвестиция көлемі – 1,6 трлн теңге. 1,9 мың жұмыс орны ашылады. Жоспарланған өнім – жылына 5 миллион тонна болат. Өндіріске қосу мерзімі – 2028 жыл.
- «ССКӨБ» АҚ-ның Қостанай облысындағы ыстықтай брикеттелген темір өндіретін зауыты (I кезең). Инвестиция көлемі – 920 млрд теңге. 1 мың жұмыс орны ашылады. Өндіріс көлемі – жылына 2 млн тонна. 2028 жылы іске қосылды.
Аталған жобалардан бөлек шетелдік инвесторлардың қатысуымен 5,7 трлн теңгеге 20 ірі жобадан тұратын портфель жасақталды. Оның аясында 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Инвестициялық жобалар көп шоғырланған өңірлер Жамбыл және Павлодар облыстары. Біріншісіне 1,47 трлн теңге, екінші облысқа 1,02 трлн теңге құйылады. Үшінші орында – Қостанай облысы, инвестиция көлемі – 920 млрд теңге.