Желіде Темірлан Анарбековтің «Қайраттан» кетуін талап етіп жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Темірлан Анарбеков «Қайраттан» кете ме? / фото: fckairat

УЕФА Чемпиондар лигасындағы «Қайрат» – «Олимпиакос» матчынан кейін әлеуметтік желілерде күтпеген толқын басталды. Кешегі ойында қарсыласқа 1:0 есебімен есе жібергеніне қарамастан, қазақстандық қақпашы Темірлан Анарбеков матчтың үздік ойыншысы атанды. Қақпашының бірнеше шешуші сейві командасын ірі есептен сақтап қалды.

Ойыннан кейін Threads әлеуметтік желісінде жанкүйерлер Анарбековке қатысты пікірлерді қарша боратты. Көпшілік қазіргі деңгейі «Қайраттан» да жоғары екенін айтып, қақпашының Еуропаның ТОП-5 лигасына ауысуын қалап отыр.

Пікір қалдырғандардың бірі:

«Анарбековке машина емес, жаңа команда сыйлау керек» десе, тағы бірі: «Бүгінгі ойынның үздігі – Анарбеков пен штанга» деп жазған.

Кейбір жанкүйерлер тіпті:

«Еуропа қарашы мыналар Анарбековті өлтіретін болды» деп клубтың қорғанысын сынай түсті.

Шетелдік сарапшылар да назар аударта бастады. Олимпиакос ойыншыларының бірі матчтан кейін:

«Анарбеков бізге көп қиындық тудырды. Фантастикалық ойын көрсетті» деп бағаласа,

Футбол аналитигі Али Парра:

«Анарбековтің ұлты басқа болғанда, қазірдің өзінде көпмиллиондық трансфер ретінде талқылап жатқан болар едік» деп жазды.

Sofascore рейтингінде Темірлан Анарбеков 8.90 көрсеткішімен Мбаппе, Ямаль және Холланд сынды әлем жұлдыздарын артқа тастап, аптаның ТОП-ойыншыларының көшін бастады.

Жанкүйерлер арасында енді бір пікір қалыптасқан: талантты қақпашының дамуы үшін Еуропа клубына ауысуы керек.

«Сен болмасаң 7:0 болар едік. Саған дұғада жүрміз, Алла тіл-көзден сақтасын» деген жазбалар да таралып жатыр.

Темірлан Анарбековтің «Қайраттағы» болашағы әзірге белгісіз. Алайда желідегі пікірлерге қарағанда, жанкүйерлер оның халықаралық аренада ойнауын бұрынғыдан да қатты қалай бастады.

Сондай-ақ оқыңыз