Жаңалықтар

Астанада әскерге жарамсыз жігітті күшпен әкетті – министрлік түсініктеме берді

армия
Фото: instagram.com/astana_live24, бильд-редактор: Серікжан Қобланбаев

Қорғаныс министрінің орынбасары Қаныш Әбубәкіров Астанада әскери комиссариат қызметкерлері полициямен бірлесіп, жігітті жұмыс орнынан күштеп алып кеткен жағдайға қатысты пікір білдірді.

Қорғаныс министрлігі әскерге шақыру SMS-ін елемегендерді күштеп алып кетеді

Спикердің айтуынша, ведомоство ешкімді күштеп әкетпейді, өйткені қазір әрбір шақырылушыға заңдастырылған тәртіп бойынша SMS-хабарлама жіберіледі.

«Біз қазіргі таңда әскерде SMS байланысты заңдастырдық. SMS-ті қабылдаған соң, әрбір әскерге шақырылушы жергілікті Қорғаныс департаментіне баруға міндетті», деп түсіндірді министр орынбасары Мәжіліс кулуарында.

Қорғаныс министрлігі Астанадағы «Аружан» сауда орталығынан күшпен шығарылған жігіт Қазақстан азаматы екенін растады. Қазіргі таңда ол әскерге шақырылмаған жаста және денсаулығына байланысты әскери қызметке жарамсыз.

Қаныш Әбубәкіровтың айтуынша, 23 жастағы жігіт медициналық комиссиядан өту үшін ресми SMS-хабарлама алған, бірақ шақыртуға келмей, оны елемеген.

«Астана қаласындағы оқиғаға келсек, шақыртуларға келмегендерді біз ІІМ-ге береміз. Ол заңбұзушылық. Олардың фамилияларын алып, осындай жедел профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Сол профилактикалық жұмыстар кезінде әскерге келуге міндетті азаматты ұстады. Біз заң мен тәртіп деген қағидада мемлекет құрып отырмыз. Сондықтан неше рет келуі керек демей, заңға бағынышты болғандықтан SMS жіберілді ме, ол келуі керек. Келмесе біз оны ішкі істер органына береміз. Бірақ мұндай жағдай 0,1%-ы, ғана, қалған жастардың барлығы келіп отыр«, деп мәлімдеді ол.

Оның айтуынша, мұндай хабарлама алғаннан кейін 10 күн ішінде келмеген адам әскерге шақырудан жалтарушы болып есептеледі.

«Аружан» сауда орталығындағы оқиға

8 желтоқсанда әлеуметтік желіде тараған видео қоғамда үлкен резонанс тудырды. Кадрдан үш ер адам мен полиция қызметкері сауда орталығының қызметкерін күшпен әкетіп жатқанын көруге болады: олар жігітті ұстап, эскалатормен төмен түсіріп, ғимараттан алып шығады. Куәгерлер оны жұмыс орнынан бірден алып кеткенін айтқан.