Енді мектептерге ескертусіз тексеру жасалады, бірақ бірден айыппұл салынбайды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: kursiv.media архиві

Асхат Аймағамбетов: «Мектеп асханалары мен балаларға қатысты нысандар аяқ астынан тексеріледі, бірақ бірден айыппұл салынбайды»

Мектеп асханалары мен білім беру ұйымдарына қатысты тексерулер енді алдын ала ескертусіз жүргізіледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Оның айтуынша, бұған дейін кейбір білім беру ұйымдары бір жыл бұрын тексерілуі мүмкін екенін біліп, дайындалып алатын жағдайлар болған. Енді ондай тәжірибеге жол берілмейді. Тексеру аяқ астынан жүргізіледі.

«СЭС бір дегенде керек уақытында, аяқ астынан барып, тексеруге мүмкіндік алады. Бұл маңызды. Өйткені алдын-ала тексеремін дейтін болсаң, дайындалып қояды ғой», – деді Асхат Аймағамбетов.

Дегенмен, мұндай тексерулер кезінде бірден айыппұл салынбайды. Аймағамбетовтің сөзінше, бірінші кезекте кемшіліктер анықталып, оларды түзету бойынша нақты ұсыныстар беріледі. Тек сол ұсыныстар орындалмаған жағдайда ғана жауапкершілік қарастырылады.

«Бірақ алғашқы және аяқ асты тексеріс болған кезде, онда айыппұл ешкімге салынбайды. Тексерістің мақсаты – кемшіліктер болса, оны анықтау және соларды шешу үшін нақты ұсыныстар беру. Егер берілген ұсыныстары бойынша шара қабылданбаса, сонда жауапкершілік болады. Меніңше, осы әділ шешім болады», – деп толықтырды депутат.

Осыған дейін үкімет басшысы Олжас Бектенов елдегі жеке мектептерді тексеру барысында заңбұзушылық анықталғанын айтып, білім жүйесін реттеуді тапсырған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз