«3 айдың қарызы 199 млн теңге»: Шымкентте 36 балабақша қызметкерлері төлем алмаған

Жарияланды
Ұстаздар қауымы төрт ай кешіккен жалақыны оқу аяқталғанда ала бастады / фото: ЖИ көмегімен дайындалды
«3 айдың қарызы 199 млн теңге»: Шымкентте 36 балабақша қызметкерлері жалақы алмаған / фото: ЖИ көмегімен дайындалды

Дәл қазір Шымкенттегі 36 мемлекеттк балабақша қызметкерлеріне 3 айдан бері әлеуметтік төлемдер, атап айтқанда міндетті зейнетақы жарналары және медициналық сақтандыруына арналған төлемдер төленбеген. Қарыз көлемі – 199 миллион теңге. Бұл туралы қалалық білім басқармасы мәлім етті.

Басқарма дерегінше, төлемдер қыркүйек айынан бері аударылмаған.

«Жағдай реттелу үстінде. Қазіргі уақытта қарызды өтеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған кезеңге арналған төлемдер аптаның соңына дейін жүзеге асырылуға жоспарлануда», – делінген басқарма хабарламасында.

Бұған балабақшаларды ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы іске қосу негіз болған. Ресми мәлімет бойынша, пилоттық жоба балаларды балабақшаға қабылдау кезегін және орналастыруды автоматтандыру, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру кезінде бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етеді. Қабылдау, кезекке қою және қаражат бөлу процестері толықтай цифрландырылады. Мұның бәрі Indigo24.kz платформасы арқылы жүзеге асады. Бұл ата-аналарға балабақшаға бару және көрсетілетін қызмет сапасын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді.

«Ал қарыздың пайда болуына кейбір балабақша ұйымдарының басшылары тарапынан топтарды қалыптастыру, балалардың нақты баруы және көрсетілетін қызмет сапасын тиісті деңгейде бақылау қамтамасыз етілмегені себеп болған», – деп хабарлады басқарма.

Шымкентте пилоттық жоба 2024 жылдан бастап кірген. Жалпы қалада 644 балабақша жұмыс істейді. Онда 76 мыңнан аса бала тәрбиеленіп жатыр. Әр балаға мемлекеттен 55 659 теңге бөлінеді. Ата-аналар балабақшаны таңдайды және онымен электрондық келісімшарт жасалады.

«Қазіргі таңда 36 мемлекеттік балабақшада қосымша төлемдерді тұрақтандыру және мұндай жағдайлардың болдырмау мақсатында қажетті ұйымдастырушылық және техникалық шаралар қабылданды», – делінген басқарма хабарламасында.

Айта кетейік, кеше Шымкенттегі жекеменшік «Төрежан» бастауыш мектебінің ата-аналары шу шығарған. Бұған мектеп әкімшілігінің ақылы оқуға көшу туралы хабарламасы негіз болған. Жиналғандар ақылы оқытуға жағдайы келмейтінін айтып, балаларын тегін оқытуға қазынадан қаражат бөлуді талап еткен.  

Сондай-ақ оқыңыз