Әр балаға 58 мың алатын жекеменшік балабақшаларда айлық неге аз

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Астанада 2100 балабақша қызметкеріне жалақы төленбеген
Фото: kursiv.media мұрағаты

Оқу-ағарту министрлігі жекеменшік балабақшалардағы тәрбиешілердің жалақысын міндеттеп көтере ала ма? Бұл сұрақты Kursiv.media тілшісі ОКҚ алаңында Оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамоваға қойды. Адамова бұл мәселеге министрлік тікелей араласа алмайтынын айтты.

Адамованың айтуынша, мемлекеттен бөлінетін қаржы мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларға бірдей көлемде беріледі. Төлем мөлшері министрліктің №597 бұйрығымен бекітілген әдістеме бойынша есептеледі.

Айлық балабақша құзыретінде

«Мемлекеттік балабақшаға да, жекеменшік балабақшаға да берілетін мемлекеттік тапсырыстың көлемі бірдей. Ол жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесіне сәйкес есептеледі. Республика бойынша орташа есеппен 58 мың теңге көлемінде», – деді Адамова.

Ол сондай-ақ қаржыландыру сомасы өңірдің ерекшелігіне қарай өзгеруі мүмкін екенін түсіндірді. Атап айтқанда, ауыл мен қала айырмашылығы, экологиялық аймақ мәртебесі, арнайы балабақша статусы сияқты факторлар әсер етеді.

«Әдістеме арқылы есептелген мемлекеттік тапсырыстың мөлшері жергілікті атқарушы орган тарапынан әр бала үшін (мемлекеттік болсын, жеке меншік болсын) барлығына бірдей беріледі. Сондықтан жекеменшік балабақшада қандай да бір тәрбиешінің айлығын төмендетіп жатса немесе дұрыс төлемесе, ол сұрақты өздеріне қою керек», – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін магистратура бітірген мамандардың айлығына балабақшаларда қосымша немесе көтерме ақы неге қосылмайтыны жайлы Манара Адамованың жауабын берген едік.

Сондай-ақ оқыңыз