Алатау қаласын салуға кәрістер қатысады

Қазақстандағы Alatau Smart City қаласының құрылысына кәріс компаниясы қатысады. Бүгін екі тарап ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев Кореяның шетелдік инфрақұрылым және қалалық даму корпорациясының (KIND) президенті және бас директоры Ким Пок-хванмен кездесті. Бұл қазанда Сеулде өткен «Alatau Rise with Kazakhstan» роуд-шоуы аясындағы кездесулердің жалғасы еді. Жиыннан белгілі болғандай, кәрістер Алатау инфрақұрылымын салуға қатысады.
«Көптеген корей компаниялары біздің келешегі зор Alatau Smart City жобамызды қолдады, бұл бізді қуантады. KIND инфрақұрылымдық құрылыс жобаларына, соның ішінде энергетика, сумен жабдықтау, су тазарту, сарқынды суларды өңдеу және су бұру, қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бағыттарындағы жобаларға EPC-келісімшарттары немесе девелопмент форматы бойынша қатыса алады», – деді Бозымбаев.
Одан бөлек логистика, порт инфрақұрылымы саласындағы жобаларды бірлесіп іске асыруды талқылады. Тіпті Бозымбаев KIND басшысына Қазақстанда корпорация кеңсесін ашуды ұсынды.
Алатау – Қазақстандағы алғашқы ақылды қала болмақ. Алматымен екі араны жалғау үшін әуе таксилері де қосылады деген жоспар бар.