AlmaU-да жасанды интеллект орталығы ашылды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
AlmaU-да жасанды интеллект орталығы AlmaU AI Lab ашылды
AlmaU-да жасанды интеллект орталығы AlmaU AI Lab ашылды / фото: AlmaU баспасөз қызметінен

11 желтоқсанда Almaty Management University-де (AlmaU) AlmaU AI Lab Жасанды интеллект орталығы ашылды деп хабарлайды Kursiv Media. Жаңа орталықтың басты міндетінің бірі – мемлекеттік сектор және нақты экономиканың сұраныстарымен жұмыс істеу.

Алғашқы пилоттық жоба «Қостанай минералдары» АҚ-мен бірлесе жүзеге асырылып жатыр. Команда руданың ылғалдылық мөлшерін болжауға арналған жасанды интеллект моделі әзірледі, ол сынақтарда айтарлықтай экономикалық тиімділік пен өндіріс процестерін оңтайландыру әлеуетін көрсетті. AlmaU Labs сонымен қатар көлік, қоршаған орта, қауіпсіз қала ортасын құру және ресурстарды басқару бағыттарында да шешімдер әзірлеуге дайын.

«Бұл орталық Алматы үшін практикалық шешімдер әзірлеуге зор әлеуеті бар. Келесі жылы біз AlmaU университетімен бірге қалалық ортаны жақсартуға бағытталған бірнеше практикалық шешімдерді әзірлеуді жоспарлап отырмыз, әсіресе жасанды интеллект саласындағы стартаптарды дамытуға айрықша назар аударамыз», – деп атап өтті Алматы қаласының цифрлық даму департаментінің басшысы Олжас Жанабек.

AI Lab-тың ғылыми базасы мақсатты және гранттық қаржыландыру жобалары аясында қалыптастырылған. Соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын технологиялық әртараптандыру және цифрлық трансформацияға бағытталған бағдарламалары бар. Осы жобалардың нәтижесінде AlmaU Labs ASUS және ZERDE Business Solutions компанияларының екі мини-суперкомпьютерімен жабдықталды.

Одан бөлек жаңа зертхана кәсіпкерлікті дамыту үшін де жұмыс істейді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген студенттер өздерінің AI-жобаларын құрып, стартап-жарыстарға қатысып, акселерациялық бағдарламалардан өтіп, серіктестердің деректеріне және қаржыландыруға қол жеткізе алады, сондай-ақ компаниялар мен мемлекеттік органдарға өз шешімдерін ұсына алады.

Іс-шара барысында AlmaU мен Almaty HUB, Алматы қаласы Әкімдігі, Teachers Lab, Tech People Community арасында меморандумдарға қол қойылды.
Сондай-ақ оқыңыз