АҚШ қаржы реттеушісі базалық мөлшерлемені қатарынан үшінші рет төмендетті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
ФРЖ базалық мөлшерлемені үшінші рет төмендетті / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) базалық пайыздық мөлшерлемені тағы да 0,25 пайыздық тармаққа төмендетіп, оны 3,5–3,75% аралығында бекітті. Бұл – қыркүйектен бергі үшінші рет қатарынан жасалған қадам. Жыл басынан бері мөлшерлеме жалпы 0,75 пайыздық тармаққа төмендеген.

Бұл шешім елдегі баяулап жатқан еңбек нарығы және өсіп келе жатқан инфляция жағдайында қабылданды. Сонымен қатар, үкімет жұмысының уақытша тоқтауына байланысты экономикалық деректердің шектеулі болуы реттеуші үшін жағдайды бағалауды қиындатқан.

ФРЖ бұл қадам арқылы несиені арзандатып, еңбек нарығын қолдауды көздейді. Мөлшерлеме төмендеген сайын несие алудың құны азаяды, бұл тұтынушылар мен экономиканың белсенділігіне оң әсер етуі мүмкін.

Сонымен бірге ФРЖ мәлімдемесінде реттеуші алдағы айларда саясатты өзгеріссіз қалдырып, экономикалық жағдайды қайта бағалауды жоспарлап отырғаны байқалады.

Euronews-тің жазуынша, ставканың төмендеуі уақыт өте келе ипотека, автокредит және кредит карталар бойынша мөлшерлемелердің төмендеуіне ықпал етуі мүмкін. Алайда бұл көрсеткіштерге нарық динамикасы да әсер етеді.

Ал Қазақстанда базалық мөлшерлеме АҚШ-тағы негізгі мөлшерлемелермен салыстырғанда 5 есе жоғары. Ұлттық банк елдегі инфляция жоғары болғандықтан базалық мөлшерлемені төмендетпей отыр.

Сондай-ақ оқыңыз