
Ауа райының күрт нашарлауына байланысты темір жолдың бірқатар учаскелерінде шектеулер мен қосымша қауіпсіздік шаралары енгізілді, деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметі.
10 желтоқсанда Достық станциясының ауданында екпіні 20 м/с-тан асқан солтүстік-батыс бағыттағы жел жағдайды күрделендіре бастады. Осыған байланысты станциядағы жөндеу жұмыстарын -10 желтоқсанда сағат 20:15-тен келесі күні 02:00-ге дейін тоқтатуға тура келді.
Ауа-райының қолайсыздығына байланысты жолдарды тазарту үшін 114 теміржолшы, оның ішінде түнде жұмыс істейтін 67 қызметкер тартылды. Қазір станцияда бағыттамалық бұрмаларды қардан тазартатын 25 қызметкер жұмысын жалғастыруда. Бірақ 30 м/с дейінгі екпінді дауылды жел Достық станциясының өзінде де, жүк тасымалы мәжбүрлі түрде шектелген Бескөл-Достық учаскесінде де қиындықтар туғызуда.
«Сонымен қатар, Шу-Шығанақ және Шоқпар-Алайғыр теміржол учаскелерінде ауа райының нашарлауына байланысты қауіпсіз өтуді қамтамасыз ету мақсатында пойыздардың қозғалыс жылдамдығы төмендеді», – деп хабарлады ҚТЖ.
Синоптиктердің болжамы бойынша жауын-шашын, боран және екпінді жел желтоқсан айында Қазақстанның көптеген өңірлерінде сақталады. Көктұм учаскесі – 16-разъезд аймағында тұрақты жел әсер ететін аймақ, ауа-райының күрделі жағдайлары тағы бірнеше күнге созылуы мүмкін.
Айта кетейік осыған дейін Қарағанды облысында Мойынты-Шығанақ учаскесінің Шешенқара-Қаражанғыл аралығында жүк пойызы жөндеушілер бригадасына келіп, төрт адам қаза тапқанын жазған едік.