«Тегін үй сұрамаймыз»: көпбалалы аналар «Отбасы банк» жұмысына шағымданды

Астанада көпбалалы аналар үй кезегінде тұрғандардың тізімі әкімдіктерден «Отбасы банкіне» берілгеннен кейін туған мәселені көтерді. Жиналғандар сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй кезегіндегі шикіліктерді атады.
Не өзгерді?
2025 жылдың мамырында баспана кезегі әкімдіктерден алынып, толығымен «Отбасы банкіне» берілді. Осылайша деректер orken.otbasybank.kz порталында жинақталатын болды. Толығырақ мына жерден оқуға болады.
Көпбалалы аналар не дейді?
Ақмола облысына қарасты Қосшы қаласынан келген көпбалалы ана Самал Талғатқызының сөзінше, бұл өзгерістер күшіне енгеннен кейін кезекке кейінгі жылдары тұрған азаматтар үй ала бастаған. Енді бірі өзінің алдында қанша адам тұрғанын көре алмай отыр.
«Қазір кімнің өтіп жатқанын білмейміз. Тізім тұр, қай санат бойынша өтіп жатқаны белгісіз. Ашық емес. Кімнен кейін кім тұрғаны көрінбейді. Мемлекет беріп отырған қолдауды неге жыланып, сұранып алуымыз керек? Біз тегін үй сұрап отырған жоқпыз. Оны кейін сатып аламыз. Кезегіміз келіп, мемлекет берген үйге кіріп алсақ дейміз. Көпбалалы аналарға үй иелері де пәтерін жалға бергісі келмейді», – дейді Самал Талғатқызы.
Тағы бір мәселе – әкімдіктер құрылыс компанияларынан сатып алған үйлердің дені бір бөлмелі. Жиналғандар үй кезегінде тұрғандардың көпбалалы екенін, оларға бір бөлмелі пәтер жарамайтынын жеткізді.
Сондай-ақ үш бөлмелі пәтерлерді көбейтсе деген өтініш білдірді.
«Кезекке тұрғаныма 3-4 жыл болды. Жеті балам бар. Жеті балаға үш бөлмелі, кемі 80-90 шаршы метр пәтер берілуі керек екен. Резервте үш бөлмелі пәтер жоқ болса, кезекке 2025 жылы тұрғандар мұндай үйді қалай алып жатыр? Көкшетауға барып осыны сұрадым. Екі бөлме болса да алуға дайынбыз. «Отбасы банк» әкімдікке сілтейді, әкімдік «Отбасы банкіне» барыңыз дейді. Нақты жауап жоқ», – дейді Махаббат Төлеп.
642 мың адам үй кезегінде тұр
«Отбасы банк» атқарушы директоры Азат Әшімов мұны республикада туындаған мәселе деп атады. Сөзінше, елде 642 мың адам үй кезегінде тұр.

Биыл әкімдіктер үй кезегінде тұрғандарға беру үшін 3 200 пәтер барын айтқан. Алдын ала 2 700 пәтер бөлінген.
Қосшыда биыл кезекте тұрғандарға беру үшін 261 пәтер бекітілген. Оның 188-і бір бөлмелі, 49 пәтер екі бөлмелі және үш бөлмелі 24 пәтер бар.
«Пәтерлер автоматтандырылған база арқылы беріледі. Оған адамдар, адам эмоциясы араласа алмайды. Заңға сәйкес, бір адамға кем дегенде 15 шаршы метр, көп дегенде 18 шаршы метрден келуі керек. Үй кезегінде тұрғандарға пәтер әлеуметтік санаты, отбасындағы адам санына байланысты шаршы метріне қарай бөлінеді. Ал ол пәтерлерді әкімдіктер беретінін ұмытпау керек.
Яғни, отбасыда үш адам болса, заңға сәйкес аумағы 45-54 шаршы метрден аспайтын екі бөлмелі пәтер алуы керек. Ал әкімдік берген екі бөлмелі пәтерлердің аумағы 62,4 шаршы метр болуы мүмкін. Автоматтандырылған жүйе бұл отбасы үшін аумағы 45-54 шаршы метр пәтер іздейді. Белгілі бір отбасының пәтер алуы үшін заңға қайшы әрекетке бара алмаймыз», – деп түсіндірді Әшімов.
Яғни, жүйе кезекте тұрған адам алуы қажет пәтер мен қолда бар пәтерлерді сәйкестендіріп, іздейді. Кезекке бұрын тұрған адамға қажет пәтер табылмаса, кезекке одан кейін тұрғандар арасында бөлінеді.
Азат Әшімовтің айтуынша, «Отбасы банк» 9-10 адам бар отбасыға бір бөлмелі пәтер ұсына алмайды. Оның орнына әкімдіктерге кезекте тұрғандардың статистикасын көрсетіп, 2-3 бөлмелі пәтер көбірек сатып алуды ұсынады.
«Әкімдіктерге пәтер сатып алуды міндеттей алмаймыз. Бұл тек ұсыныс түрінде жолданады. Мәселен, Қосшыда 1 800 адам кезекте тұр. Оның басым бөлігіне үш бөлмелі пәтер қажет. Ішінде 2012 жылдан бері пәтер күтіп жүргендер де бар. Алайда әкімдіктерге ешқандай нұсқау бере алмаймыз», – дейді ол.
Азаматтың келісімі қажет
Тізімге ілігу үшін ескере кететін тағы бір жайт – жеке деректерді өңдеуге рұқсат беру. «Отбасы банк» атқарушы директоры ол үшін orken.otbasybank.kz порталында тек ЭЦҚ арқылы қол қою қажет екенін айтты.
«Бір азаматқа хабарласып, пәтер алуға кезегі келгенін айтамыз. Ол үшін мүлкі бар-жоғын, әлеуметтік статусын тексеру үшін рұқсатын сұраймыз. Азамат рұқсат бермеуі не пәтер алып қойған болуы мүмкін. Яғни, азамат тұрғын үйге мұқтаж емес. Ал заңға сәйкес, тексеруге рұқсат бермеген адамды біз кезектен алып тастай алмаймыз.
Азаматтар мұны алаяқтық деп ойлауы мүмкін. Оларды қорықпауға шақырамыз. «Отбасы банк» хабарласқан кезде банк картасы нөмірін, код, ЖСН сұрамайды. Тек orken.otbasybank.kz порталына кіріп, келісім беруді сұраймыз», – дейді ол.
Қорыта айтқанда, «Отбасы банк» баспана кезегіне тұрғандармен биылдан бастап жұмыс істеп жатқанын алға тартып, Астанада жиналған әйелдерге кезегін күтуге кеңес берді.