Кабинет, интернет, монша: Павлодар түрмесіндегі VIP-сотталушы анықталды

Павлодар облысындағы колонияда VIP-сотталушы анықталды. Камераның орнына басшының тері креслосы бар кабинетте тұрған.
Tengrinews ақпаратына қарағанда, интернетті еркін пайдаланып, моншаға, «жаттығу залына» барып жүрген. Тіпті, қалаған адамдарын қонаққа шақырған.
Сотталушы дәл осылай екі жылға жуық өмір сүрген.
Бұл деректер жарты миллион теңге пара талап еткен деп айыпталған ДУИС-тің бұрынғы офицеріне қатысты сотта жария болды.
Тергеу мәліметінше, 35 жастағы подполковник екі жыл бұрын режим бұзған сотталғанды қатаң колонияға ауыстырамын деп қорқытып, оны «тоқтату» үшін ақшалай сыйақы талап еткен. Шын мәнінде, оның мұндай құзыреті болмаған.
Істе көрсетілгендей, ДУИС қызметкері өткен жылдың шілдесінде өзіне және жұбайына 165 мың теңгеге киім мен парфюм сатып алып, ақшасын сотталғанға видеоқоңырау арқылы төлеткен. Қыркүйекте ол жазасын өтеушіге «басшылықтың туған күніне» деп 500 мың теңге сұраған.
Ақшаны туысының шотына жібертіп, қолма-қол шығарып, есік алдындағы орындықтың астына қалдыруды тапсырған.
Мұның алдында қамауда отырған әйелдің өзінен 20 жас үлкен фельдшерге тұрмысқа шыққаны белгілі болды.