«Магистр болсаң да, айлық өзгермейді»: тәрбиешілер неге тең құқыққа ие емес

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Балабақшадағы магистранттардың айлығын өсіру бастамасы бюджеттен қолдау таппай отыр / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Магистратура бітірген мамандардың айлығына балабақшаларда қосымша немесе көтерме ақы қосылмайды. Жекеменшік балабақшалардың бірлі-жарымы ғана қосымша ақымен ынталандырғанымен, мемлекеттік балабақшаларда мұндай артықшылық мүлде қарастырылмаған.

Kursiv.media тілшісі осы мәселеге байланысты бүгінгі брифингте Оқу-ағарту министрлігінің мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамоваға сұрақ қойды.

«Тәрбиешілерге магистратура үшін қосымша өтемақы қосылмайды. Мектепке ғана қосылады. Не себепті?» – деп сұрады министрлік өкілінен.

Сауалға жауап берген Манара Адамова расында да қосымша ақы төленбейтінін айтты.

«Бізде Педагог мәртебесі туралы заң қабылдаған кезде ғана мектептегі магистрларға қосымша ақы төлеу тәртібі реттелген. Заң қабылданған уақытта бізде мектепке дейінгі білім беру деңгейінде тәрбиешілер мен педагогтардың арасында магистрлар көп болған жоқ. Сондықтан, ол ұсыныс қабылданбады. Алдағы уақытта мектепке дейінгі білім саласында педагогтардың сапалы құрамы, деңгейі өскен уақытта бұл сұрақ тағы да көтеріледі. Жалпы магистратура үшін өтемақы төленбесе де, біліктілік санаты үшін қосымша төлемақы төленеді. Бүгінгі таңда қарастырылғаны – осы», – дейді ол.

Манара Адамованың сөзінше, жекеменшік балабақшаларда магистратура білімі болғаны үшін қосымша ақы төлеуі мүмкін. Себебі жекеменшік ұйымдар тәрбиешілерді қызықтыруы немесе мықты тәрбиешілерді өзіне тарту үшін мұндай артықшылықтарды бере алады. Адамова сол себепті жеке балабақшаларда педагогтардың сапа деңгейі анағұрлым жоғары деп санайды. Алайда мемлекеттік балабақшада мұндай басымдық берілмейді.

«Мектепке дейінгі ұйымдарда жалпы республикада 103 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Оның ішінде магистрлік дәрежесі бар педагог саны – 1226 адам. Сондықтан, әзірге өте азбыз. Қосымша өтемақы төлейміз десек те, магистрларды балабақшаға табу қиын», – дейді ол.

Манара Адамова бұл бағытта мемлекеттік бюджетке қосымша сұраныс жолдау үшін тиісті заң нормаларына өзгеріс енгізу керек дейді. Педагогтар мәртебесі туралы заң жобасына енгізілетін өзгерістер мен түзетулер бойынша, балабақшалардағы магистранттарға қосымша ақы беру мәселесі де көтерілген. Алайда департамент директоры бюджетті оңтайландыру процесі жүріп жатқандықтан, мұндай бастамалар қолдау тауып жатқан жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда мектеп-балабақшаларды тексеру тәртібі өзгергені жайлы жазғанбыз. Сондай-ақ жақында Kursiv.Media тілшісі Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан мемлекеттік және жеке балабақша қызметкерлерінің мәселесіне қатысты сұрақ қойған еді.

Сондай-ақ оқыңыз