Қытай инвесторы Қазақстанның электр жүйесін жаңғырту бағдарламасына қатыспақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
күн энергиясы электр қуаты панель
Қытай инвесторы электр өндіру саласына қызығушылық танытып тұр / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қытай инвесторы Қазақстанның электр жүйесін жаңғырту бағдарламасына қатыспақ. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров және «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбектің «Zhongyoung Power (Yunxi) Group Co., Ltd.» бас директоры Ли Цзяньцзянмен кездесуі барысында белгілі болды.

Кездесу барысында қытайлық тарап Қазақстанның электр энергетикасын жаңғырту жобаларына инвестор ретінде қатысуға дайын екенін мәлімдеген. «Zhongyoung Power» өкілдері елдегі ескірген инфрақұрылымды жаңарту, жаңғырту және қайта құру бағытындағы «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасына қызығушылық білдірді.

Инвестиция және қаржыландыру тетіктері

Компания мемлекеттік-жекешелік серіктестік және тарифтік модельдер арқылы инвестицияны қайтару мүмкіндіктерін қарастыруға әзір. Ли Цзяньцзян жобаларды жүзеге асыру кезінде Қазақстанда өндірілген трансформаторлар мен энергетикалық жабдықтарды пайдалануды да қолдайтынын жеткізді. Бұл жергілікті өндірісті ынталандыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.

Тараптар «Zhongyoung Power» компаниясын мына бағыттар бойынша жобаларға тарту мүмкіндігін талқылады:

  • қосалқы станцияларды жаңғырту;
  • ескі энергетикалық жабдықтарды ауыстыру;
  • жаңа трансформаторлық қуаттар салу;
  • орта және жоғары кернеулі желілерге жаңа технологиялар енгізу.

«Zhongyoung Power» – Қытайдағы үш ірі электр жабдықтарын өндіруші компанияның бірі. Ол қуатты трансформаторлар, қосалқы станциялар және энергетикалық жүйелер үшін кешенді шешімдер әзірлейді. Компания Шығыс Еуропадағы жаңғырту жобаларында үлкен тәжірибе жинаған.

Сондай-ақ оқыңыз