Астана ХҚО-да Ислам қаржысы жөніндегі халықаралық кеңес құрылды

Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) ислам қаржысы жөніндегі халықаралық консультативтік кеңестің құрылғанын хабарлады. Алғашқы отырыс 10 желтоқсанда Абу-Дабиде, AIFC Connect Abu Dhabi аясында өтті.
Жаңа Кеңес шариғат талаптарына сай қаржыландыруды дамыту, заңнаманы жетілдіру, капитал нарықтарын кеңейту бойынша тәуелсіз ұсынымдар беретін негізгі зияткерлік алаң болмақ.
«Исламдық қаржының жетекші юрисдикцияларынан келген сарапшыларды біріктіру арқылы біз өңір үшін сапаның, ашықтықтың және дамудың жаңа стандарттарын қалыптастырамыз», – дейді АХҚО исламдық қаржы бағытының басшысы Мәдина Тұқұлова.
Lemrair Consultancy президенті Д-р Аднан Ахмед Юсиф те Қазақстанның исламдық қаржы экожүйесін дамыту әлеуетіне назар аударды.
«Бұл – Еуразияда исламдық қаржының институционалдық негіздерін күшейтетін маңызды қадам. Қазақстан этикалық және орнықты шешімдер үшін айтарлықтай әлеуетке ие», – деді ол.
Алғашқы отырыста не талқыланды
Сарапшылар исламдық қаржы нарығының қазіргі ахуалын, Қазақстанның өңірлік хабқа айналу мүмкіндігін және өсуді тежеп тұрған факторларды қарастырды.
2026 – 2028 жылдардағы басым бағыттар анықталды:
- жаңа исламдық қаржы өнімдерін шығару;
- халықаралық институттардың қатысуын кеңейту;
- юрисдикцияның инвестициялық тартымдылығын арттыру;
- АХҚО-да шариғат басқару жүйесін жетілдіру.
Кеңес мүшелері сондай-ақ шариғат консультативтік органдарының талаптарын стандарттау және шешім қабылдау рәсімдерін ашық ету қажеттілігін қолдады. Бұл инвестор сенімін арттыруға бағытталған.
Кеңес құрамында кімдер бар
Кеңеске Сауд Арабиясы, БАӘ, Бахрейн, Түркия, Малайзия және Қазақстаннан келген жетекші халықаралық мамандар енді. Олар:
- Д-р Сами Әл-Сувайлем, Ислам даму банкі институтының бас директоры (м.а.);
- Д-р Аднан Ахмед Юсиф, Lemrair Consultancy президенті;
- Проф. Азнан Хасан, Малайзия Халықаралық ислам университетінің шариғат профессоры;
- Лим Сэй Чонг, ислам банкингі және цифрлық активтер жөніндегі сарапшы (БАӘ);
- Фатма Чынар, Түркия қатысу банктері қауымдастығы;
- Майя Марисса Малек, Sabiq Advisory бас директоры;
- Мәдина Тұқұлова, АХҚО исламдық қаржы бағытының басшысы.
АХҚО бұл құрамды «исламдық қаржының үздік әлемдік модельдерінің көрінісі» деп сипаттады.