Ескертусіз келеді: Қазақстанда мектеп-балабақшаларды тексеру тәртібі өзгерді

Енді мектептер мен балабақшаларды тексеру жүйесі түбегейлі өзгереді. 2026 жылдың 1 ақпанынан бастап уәкілетті органға балаларға тамақ, жатын орын, тәрбие және сауықтыру қызметтерін көрсететін ұйымдарды қызметі басталмай тұрып және қызмет көрсету барысында кенеттен тексеруге толық құқық беріледі.
Министрліктің мәліметінше, бұл өзгеріс бұзушылықтарды жылдам анықтауға және балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.
«Кенеттен тексерулерді енгізу балалардың қорғалуын, мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Енді уәкілетті орган нақты бұзушылықтар туралы сигнал түскен жағдайда өз шешімімен тексеру тағайындап, нысанға дереу шыға алады. Сигнал түскен кезде нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізіледі», – дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Бұл бақылау «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заң аясында жүзеге асады. Заң көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейтеді.
Бұған дейін мектеп асханалары мен балаларға қатысты нысандар аяқ астынан тексерілетінін, бірақ бірден айыппұл салынбайтыны жайлы депутат Асхат Аймағамбетов Мәжіліс кулуарында мәлімдеген еді.
Еске сала кетейік, 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Жаңа нормалар 2026 жылғы 1 ақпанда күшіне енеді.