Қазақстанның өңір-өңірлері Абай облысына не тарту еткелі жатыр

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: gov.kz

Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Абайға құрмет» акциясы басталды. Акция шеңберінде өңірлер мен республикалық маңызы бар қалалар Абай облысына бір-бір әлеуметтік немесе мәдени нысан сыйға тартпақ. Бұл туралы вице-премьер Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.

Кеңестің күн тәртібінде Семей қаласының Бас жоспарына өзгерістер енгізу және арнайы экономикалық аймақ (АЭА) құру мәселелері де қаралды. АЭА аумағына 1,2 мың гектарды қамтитын жаңа әкімшілік-іскерлік орталық, заманауи тұрғын кешендері және 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысан кіретін болады. Бұған қоса, Семейде жаңа инженерлік инфрақұрылым, қазандық, жылу, электр, су беру және су бұру желілерін салу міндеттері нақтыланды.

Абай облысына тарту етілетін нысандар

Абай облысының әкімдігінің мәліметінше, акцияны алғашқылардың бірі болып Маңғыстау облысының тұрғындары қолдап, Достық үйінің құрылысын бастап кеткен. Түркістан облысы – көрме орталығын, Қызылорда облысы – «Анаға тағзым» орталығын, Атырау облысы – «Абай әлемі» ғимаратын салуды жоспарлап отыр. Шымкент қаласы – Өнер орталығын, Солтүстік Қазақстан облысы – Мемлекеттік рәміздер алаңын сыйға тартпақ. Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағалауын абаттандыруды қолға алса, Ақтөбе облысы Жекпе-жек сарайын, Павлодар облысы Үстел теннисі орталығын тұрғызуды жоспарлауда.

Астана қаласы «Келешек» мектебін, Алматы қаласы медиаорталықты, Қарағанды облысы ботаникалық бақты, Батыс Қазақстан облысы линеарлық паркті, ал Қостанай облысы Руханият орталығын салуды көздеп отыр.

«Үйлестірілген жұмыстың нәтижесінде біз барлық жобаларды бірыңғай архитектуралық стильде сәтті аяқтап, Абай атына лайықты және өңірдің болашағы үшін маңызды инфрақұрылым құратынымызға сенімдімін», – дейді вице-премьер.

Вице-премьер Өнеркәсіп және құрылыс, Қаржы, Ұлттық экономика министрліктеріне және өңір әкімдеріне тапсырылған міндеттердің тиімді әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді.

Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімі Берік Уәли орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысында Smart City ауданы пайда болатыны жайлы айтқан еді.

Сондай-ақ оқыңыз