1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы құрбандарына арнап ас беріледі

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар сот арқылы ақтала алады / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

17 желтоқсанда Алматы қаласының сегіз ауданында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында қаза болғандарды еске алуға арналған ас беріледі. Бұл туралы Kursiv.Media мегаполис әкімдігінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Тарих пен ерлікке құрмет

Алматы билігі Тәуелсіздік күні мен Желтоқсан оқиғасының 39 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарын бекітті.

«Мақсат – жастар арасында патриоттық тәрбиені күшейту, ұлттық тарих пен елдің ерлікке толы маңызды кезеңдеріне деген құрметті қалыптастыру», – делінген әкімдік мәліметінде.

16-17 желтоқсан қарсаңында мемлекеттік мекемелерде, қала кітапханалары мен білім беру ұйымдарында тақырыптық кездесулер, патриоттық және әдеби-музыкалық кештер, дөңгелек үстелдер, тарихи-танымдық сағаттар, дәрістер, әдеби оқулар және басқа да маңызды даталарға арналған іс-шаралар өтеді.

Осы күндері Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументіне және «Тәуелсіздік таңы» ескерткішіне дәстүрлі гүл қою рәсімі ұйымдастырылады. Оған қала басшылығы, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, 1986 жылғы оқиғаға қатысушылар, этномәдени бірлестіктер өкілдері және жастар қатысады.

Ас беріледі

17 желтоқсанда қаланың барлық сегіз ауданында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында қаза болғандарды еске алуға арналған ас беріледі.

Бұдан бөлек, қала әкімдігі желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігін дәріптеуге және жастар арасында отансүйгіштік сезімін нығайтуға бағытталған төрт мемлекеттік әлеуметтік жобаны жүзеге асырып жатыр.

«Осы жобалар аясында қайырымдылық акциялары, спорттық турнирлер, шығармашылық және патриоттық іс-шаралар, тақырыптық конференциялар мен байқаулар өткізу жоспарланған».

Іс-шаралар тарихты сақтау, Тәуелсіздік үшін күрескен буынның ерлігіне құрмет көрсету және осы құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізуге бағытталған, деп таратты Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Желтоқсан көтерілісі — 1986 жылы 17-18 желтоқсанда Қазақстанда болған ірі қоғамдық-саяси оқиға. Сол күндері жастар Дінмұхамед Қонаевтың қызметтен алынып, оның орнына Геннадий Колбиннің тағайындалуына қарсы шыққан.

Бұған дейін Kursiv.Media танымал продюсер Алуа Қонарованың Желтоқсан оқиғасы туралы ойларын жариялаған.

2025 жылғы көктемде 1986 жылғы көтеріліске қатысушылар сот арқылы ақталған.

Сондай-ақ оқыңыз