Иран президенті Масуд Пезешкиан Астанаға келді

11 желтоқсанда Иран президенті Масуд Пезешкиан ресми сапармен Астанаға келді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі қонақты Ақордада қарсы алды.
Сапар екі күнге созылады. Ақорда мәліметінше, тараптар жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізіп, сауда-экономика, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-иран ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелерін талқылайды.
Иран президентінің Қазақстанға келетіні 18 қарашада мәлім болған. Сол кезде Tehran Telegraph иран басылымы Пезешкианның Каспий өңіріндегі елдердің бәрімен саяси, экономикалық және мәдени байланысын кеңейткісі келетінін жазған.
Басылымның мәліметінше, президент Пезешкиан Каспий өңіріндегі барлық елмен саяси, экономикалық және мәдени байланысын кеңейткісі келеді.
2025 жылы Пезешкиан Әзербайжан мен Ресейге барып, сауда келісімдеріне отырған. Бұл жолы Қазақстан мен Түркіменстанға сапарлады.
Кардиохирург, саяси және мемлекет қайраткері Масуд Пезешкиан 2024 жылғы 28 шілдеде президент атанды. Ол Қазақстанға алғаш рет келді.