Мәңгілік алауға тауық қуырған тұрғын ұсталды

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
мәңгілік алау
фото: shutterstock

Риддер қаласының полициясы Мәңгілік алауға тауық қуырған тұрғынды ұстады. Ол бес тәулікке қамалды. Бұл туралы Kursiv.Media Шығыс Қазақстан полициясы таратқан мәліметке сүйене отырып хабарлады.

«Полиция 4 желтоқсан түні Риддер қаласындағы Даңқ мемориалын қорлаған азаматты ұстады. Ер адам Мәңгілік алауда ет пісіріп, мемориалдық нысан аумағында қоқыс қалдырып кеткен», – деп таратты өңірдің құқық қорғау мекемесі.

Тәртіп бұзған азаматтың кім екенін анықтау үшін полицейлер жақын маңдағы аудандарды тексеріп, бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеп, куәгерлерден жауап алды. Соның нәтижесінде 31 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды.

«Тәртіп бұзушы «Ғимараттарды, өзге де құрылыс жайларды, тұрғын үй-жайларды, ортақ пайдаланылатын орындарды, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы мүлікті қорлау» бабы бойынша жауапқа тартылды. Сот шешімімен ол бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынды», – делінген полиция мәліметінде.

Полиция азаматтарға заңды бұзбауға кеңес беріп, тарихи ескерткіштер мен ерекше қоғамдық маңызы бар нысандарды қорлағандар әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертті.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 4 желтоқсанда Риддер қаласында Даңқ ескерткіші маңындағы Мәңгілік алауда біреу тауық пісірген.. Таңертең ерте мұны жергілікті тұрғын байқап, суретке түсірген.

Сондай-ақ оқыңыз