Микроқаржы ұйымымен, коллектормен сөз байласқан нотариустар жабылды

Жарияланды 11 Желтоқсан 2025 12:25

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
нотариус
фото: shutterstock

Павлодар облысында микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктермен «сөз байласқан» екі нотариус лицензиядан айрылды. Бұл туралы Kursiv.Media Бас прокуратура мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Құзырлы орган нотариустардың атқарушылық жазбаларды рәсімдеу кезінде заңды жаппай бұзғанын анықтады.

«Талдау барысында облыс аумағында екі нотариустың 20 мыңнан астам атқарушылық жазба жасағаны анықталды. Олардың біреуі 15 мыңнан астам жазбаны қандай да бір шартсыз, қарыздың есебінсіз және азаматтардың жазбаша қарыз мойындау хатынсыз рәсімдеген», – деп таратты прокуратура.

Атқарушылық жазба – талаптар даусыз болған жағдайда ғана қолданылатын қарыз өндірудің жеңілдетілген тетігі. Оны рәсімдеу үшін борышкер өзінің міндеттемені орындамағанын жазбаша түрде мойындауы қажет, бұл фактіні нотариус куәландырады.

«Алайда тексеріс көрсеткендей, бұл талаптар жүйелі түрде еленбеген».

Прокуратура нотариустар мүдделі мекемелермен сөз байланысқан деп отыр.

«Мұндай құжаттарды жасау микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктермен сөз байласу арқылы жүзеге асқан», – деп есептейді құзырлы орган.

Соның салдарынан облыс тұрғындарының несие тарихы нашарлап, олардан заңсыз ақша өндірілген.

«Заңсыз негізде атқарушылық жазбалардың жаппай жасалуы азаматтардың өз құқықтарын уақытылы қорғау мүмкіндігінен айырады».

Прокуратура екі нотариусты лицензиядан айырды.

Бұған дейін Kursiv.Media жеке деректі таратты деп айыпталған микроқаржы ұйымы қайтадан кредит беріп жатқаны туралы жазған.

Сондай-ақ оқыңыз