Қазақ мұнайы қай құбырлармен ағып жатыр

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) тағы да дрондар шабуылына ұшырап, экспорт шектелген тұста Қазақстан шикізатты балама бағыттарға қарай бұрды. «ҚазТрансОйл» қазақ мұнайы желтоқсанда қай құбырлармен ағып жатқаны туралы мәлімет берді.
Компания мәлімдемесіне қарағанда, Қазақстан халықаралық әріптестермен келісіп, шикізатты Самара (Ресей), Баку (Әзербайжан) және Қытай бағытындағы құбырлармен айдауды күшейткен.
2025 жылғы желтоқсанда, «ҚазТрансОйл» мәліметінше, шикізаттың дені – 232 мың тонна мұнай Самара бағытындағы құбырмен экспортталып жатыр. Атасу – Алашанькоу мұнай құбырымен Қытайға 72 мың тонна мұнай айдалды. Айта кетейік, алғаш рет Қашағанда өндірілген мұнай аспан асты еліне қарай аға бастады. Желтоқсанда Ақтау порты арқылы Баку – Тбилиси – Жейхан бағытында 58 мың тонна мұнай экспортталды.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 29 қарашада КҚК-ның Новороссийскідегі терминалына дрондар шабуылдап, теңіз жағалауында мұнай тиейтін үш құрылғының бірі зақымданған. Соған байланысты экспорт күрт шектеліп, қазақ үкіметі балама бағыт іздей бастаған. Өйткені Қазақстанда өндірілетін мұнайдың шамамен 80%-ы КҚК құбырымен Батысқа экспортталады.