Қазақ үкіметі дрондар шабуылының шығынын 225 млн долларға бағалады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
дрондар шабуылы КҚК мұнай нысаны терминал
фото: shutterstock

Үкімет Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуыл шығынын есептеп шығарды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің мәлімдеуінше, Қазақстан кем дегенде 480 мың тонна мұнай өндіре алмай қалды.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 29 қарашада дрондар Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) Новороссийскідегі нысандарына шабуылдаған. Соның салдарынан теңіз жағалауында танкерлерге мұнай айдайтын үш құрылғының бірі істен шыққан. Экспорт шектелгендіктен, Қазақстанның мұнай өндірісі азайған. Өйткені елде өндірілетін қара алтынның шамамен 80%-ы дәл осы құбыр арқылы Батысқа жөнелтіледі.

Ақкенженовтің айтуынша, дрондар шабуылынан соң жағалаудағы қондырғыда үш метр тесік қалған.

«Консорциум құрылғының су бетінде қалқу қабілетін қалпына келтіріп жатыр. Оны жөндеуге болатын-болмайтыны содан кейін анықталады. Өте қатты зақымданған: 3 метр де 2,5 метр тесік қалған», – деп мәлімдеді қазақ министрі.

Дегенмен Ақкенженов 2025 жылға арналған мұнай өндіру жоспары орындалады деп отыр.

Министр айтқан 480 мың тонна шикізатты шамамен 225 млн долларға бағалауға болады. Қазақ мұнайының құны Brent маркалы мұнайдың нарықтағы бағасын ескере отырып есептеледі.

Қазір Астана КҚК-ге балама бағыттар іздеп жатыр. 2025 жылғы желтоқсанда, «ҚазТрансОйл» мәліметінше, шикізаттың дені – 232 мың тонна мұнай Самара бағытындағы құбырмен экспортталып жатыр. Атасу – Алашанькоу мұнай құбырымен Қытайға 72 мың тонна мұнай айдалды. Айта кетейік, алғаш рет Қашағанда өндірілген мұнай аспан асты еліне қарай аға бастады. Желтоқсанда Ақтау порты арқылы Баку – Тбилиси – Жейхан бағытында 58 мың тонна мұнай экспортталды.

Сондай-ақ оқыңыз