Трамп 1 млн доллар тұратын алтын визасын іске қосты

АҚШ президенті Дональд Трамп 2025 жылғы 10 желтоқсанда «алтын картасын» іске қосты. Құрама Штаттар азаматтығын алу ісін жеделдететін виза 1 млн доллар тұрады.
Сәрсенбіден бастап trumpcard.gov сайты да жұмыс істей бастады.
«АҚШ ішкі істер министрлігіне құжат жинау үшін 15 мың доллар төлеп, өмірбаян тексерілгеннен кейін 1 млн доллар аударып, АҚШ-та тұру рұқсатын Трамптың Алтын картасы көмегімен аз уақытта ал», – деп жазылған сайтта.
Бұған қоса, АҚШ мемлекеттік департаменті өтініш берушінің кім екеніне қарай қосымша алым төлеуді талап етуі мүмкін.
Өтініш мақұлданған соң, Трамптың алтын картасы АҚШ-тың 50 штатында жарайды.
«Олар Америкаға инвестиция сала алады. Біз Жер шарындағы ең қуатты экономиканы гүлдендіреміз», – дейді Трамп.
Сайтта маңызды ақпараттар мен кеңестер жарияланған. Мәселен, алтын карта «қанша уақытта дайын болады?» деген сауалға «бірнеше апта» деген жауап бар.
Енді Трамп Платина картасын да іске қосуды көздеп отыр. Оның құны – 5 млн доллар. Мұндай карта иегерлері АҚШ-тан тыс аймақтағы табысы үшін салықтан босатылады.
Трамп алтын карта шығатынын 2025 жылғы ақпанда жариялап, сәуірдің басында президент суреті бейнеленген картаны көрсеткен. Құрама Штаттар басшысы миллионнан аса қымбат карта сатуды көздеп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан үкіметі де 2025 жылы шетел азаматтарына елде 10 жыл тұруға мүмкіндік беретін «алтын виза» енгізді. Оның құны – 300 мың доллар.