«Түрмеде теледидар көру». Бүлік шығарған 6 адамның ісі сотқа өтті

Түркістан облысы Төле би ауданы Леңгір қаласында орналасқан №55 мекемеде жазасын өтеп жатқан 6 адамның үстінен қылмыстық іс тергеліп бітті. Олар қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі әкімшілігінің талаптарына жаппай бағынбады деген күдікке ілінген. Бұл туралы облыстық прокуратура хабар таратты.
«Тергеу барысында анықталғаны, қылмыстық-атқару жүйесінің №55 мекемесінде қатаң ұстау жасағында ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін жазасын өтеп жатқан алты сотталушы алдын ала сөз байласу арқылы мекеме әкімшілігі заңмен тыйым салған – түнде теледидар көру, серуендеуге шығу, өз бетінше тамақ дайындау, белгіленген киім үлгісін кимеуге және заңнамада тыйым салынған өзге де жеңілдіктер беруді талап еткен», – делінген прокуратура хабарламасында
Прокуратура дерегінше, күдіктілер заңсыз әрекеттерін жасыру мақсатында өздеріне түрлі дене жарақаттарын салған. Істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасының арнайы прокурорлары тергеген.
Айта кетейік, бұдан бұрын Төлеби аудандық соты №55 мекемесінде жазасын өтеп жүрген 13 жазасын өтеуші Қылмыстық кодекстің «Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелері әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау» бабымен кінәлі деп танып, әрқайсысы 9 жылдан бас бостандығынан айырылған еді.
№55 мекемеде есірткі тасымалы, алаяқтық, адам өлтіру және зорлау сиықты ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандар жазасын өтейді.