Украина тарабымен мұнай құбырына қатысты түсіністік бар – Сыртқы істер министрі

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ермек Көшербеав украиндармен дрон шабуылдары мәселесін талқылаған / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінде украин әріптесімен кездесіп, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) төңірегіндегі жағдайды талқылады. Оның айтуынша, Украина тарапы КҚК жұмысының тұрақты болуының маңызын толық түсінетінін және бұл бағыттағы жағдайдың тұрақты сақталуы қажет екенін атап өткен. Бұл туралы «Қазақпарат» агенттігі хабарлайды.

«Украин тарабымен жағдайдың тұрақты болуы керек деген түсінікке келдік», – деді министр Акорда кулуарында.

Осы келісім екі ел арасындағы дипломатиялық түсіністікті күшейтіп қана қоймай, Каспий аймағындағы энергетикалық инфрақұрылымға қатысты белгісіздікті де азайтып отыр. Бұл Қазақстан үшін мұнай экспортын тұрақты жалғастыруға, ал аймақ үшін энергетикалық қауіпсіздікті сақтауға мүмкіндік береді.

КҚК – Қазақстан мұнайын әлемдік нарыққа тасымалдаудың негізгі жолы. Ел экспортының басым бөлігі дәл осы құбыр арқылы өтетіндіктен, инфрақұрылымдағы кез келген үзіліс Қазақстан экономикасына тікелей әсер етеді. Сондықтан консорциум жұмысының қауіпсіздігі мен тұрақтылығы ел үшін стратегиялық мәнге ие.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 29 қарашада дрондар Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) Новороссийскідегі нысандарына шабуылдаған. Салдарынан теңіз жағалауында танкерлерге мұнай айдайтын үш құрылғының бірі істен шыққан.

Сол кезде қазақ үкіметі наразылық білдірген. Бірақ Украина билігі бұл шабуыл Қазақстанға емес, Ресей агрессиясына қарсы жауаптың бірі деп мәлімдеді.

Қазақ үкіметі дрондар шабуылының шығынын 225 млн долларға бағалады.

Сондай-ақ оқыңыз