Жамбыл облысында бірқатар автожолдар жабық

Жамбыл облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты бірнеше маңызды автожол учаскелерінде қозғалысқа қойылған шектеулер әлі де сақталып отыр.
Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар «Алматы – Ташкент – Термез» тас жолының 534–593 шақырымында (Айша-бибі ауылы – Түркістан облысының шекарасы) барлық көлік түрлерінің жүруіне тыйым салынған.
Сонымен қатар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойынша 238–160 шақырым (жаңа Қордай асуы) барлық көлік үшін жабық.
Ал 213–160 шақырым аралығында (ескі Қордай асуы) жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылып, бұл бағытпен тек жеңіл көліктерге ғана өтуге рұқсат беріліп отыр.
Жабылған және шектелген учаскелердің салдарынан аймақта 820-ға жуық жүк көлігі жолда тоқтап тұр. Полиция мен төтенше қызмет өкілдері күшейтілген режимде жұмыс істеп, жүргізушілерге қажетті көмек көрсетіп жатыр.
Жол қызметтері жағдайдың өзгеруіне қарай қосымша ақпарат тарататынын хабарлады.