Шымкентте көліктердің асфальт астына түсіп кетуіне не себеп болды – әкім жауабы

Шымкентте асфальт опырылып, төрт көлік астына түсіп кетті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков оқиғаның орын алуына инженерлік жұмыстардан кейін жолдың сапасыз жасалуы себеп болғанын айтады.
Оның айтуынша, жөндеу жұмыстарын сол кезде жеке ұйым ретінде жұмыс істеген «Су ресурстары-Маркетинг» компаниясы жүргізген.
«Жұмыстар аяқталғаннан кейін асфальт төселді, алайда топырақты көму жұмыстары сапасыз жасалғандықтан, көліктер жерге түсіп кетті. Компанияға айыппұл салынды, зардап шеккен көліктерді қалпына келтіру шығындарын өз мойнына алды»,– деді Сыздықбеков.
Әкім сондай-ақ қаланың жол инфрақұрылымы расымен жаңартуды қажет ететінін атап өтті.
«Мәселелер бар, бірақ біз жүйені кезең-кезеңімен жаңартып жатырмыз: құбырларды ауыстырып, жол жабындысын қалпына келтірудеміз. Шымкентте 30 мың көше бар, тек өткен жылдың өзінде 250 шақырым жолға асфальт төселді», – деді ол.
Оқиғаның мән-жайы
Оқиға 2025 жылдың қараша айының басында «Шығыс» шағын ауданында орын алды. Құбыр төселгеннен кейін мердігер ұйым жолды уақытша қалпына келтіріп, қайта көміп кеткен.
Алайда топырақ отырып кеткен соң, төрт автокөлік терең шұңқырға түсіп кетті. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде жылдам тарады.