Шымкент тізгінін ұстаған Ғабит Сыздықбеков туралы не белгілі

Ғабит Сыздықбеков – Шымкент қаласының әкімі. Бұл қызметте ол 2023 жылдың 5 қыркүйегінен бері отыр. Шенеунік мемлекеттік қызметке қалай келді? Мегаполис әкімі қандай істермен көзге түсіп жүр? Осы және басқа да деректерді Kursiv.media шолуында ұсынамыз.
Жеке өмірі
Ғабит Әбдімажитұлы Сыздықбеков 1980 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін, 2003 жылы РФ СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген.
Әкімнің жеке өмірі туралы ашық дереккөздерде ақпарат жоқ. Алайда баспасөзде оның әкесі – 66 жастағы Әбдімәжит Сыздықбеков туралы мәліметтер жарияланған. Ол бірнеше компанияның иесі, танымал кәсіпкер.
Еңбек жолы
Ғабит Сыздықбеков Қазақстаннан бөлек, Мәскеу, Франция, Сербия секілді өзге елдерде қызмет етіп, бірашама уақыт елден жырақта жүрген.
Еңбек жолы 2004 жылы басталды. ҚР СІМ Мемлекеттік протокол қызметінің атташесі қызметінен бастаған. Жалпы 2021 жылға дейін ол Сыртқы істер министрлігі жүйесінде қызмет етіп, Еуропа және Америка департаментінде хатшы, кейін Азия және Африка департаментінде бөлім басшысы болды. Осы жылдары ол халықаралық қатынастар саласына терең араласып, дипломат ретінде тәжірибе жинады.
Бес жыл бойы Францияда Қазақстан елшілігінде кеңесші ретінде жұмыс істеп, одан кейін Сербияда шамамен екі жыл Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды.
Кейін елге оралып, Премьер-министр кеңсесі басшысының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. 2023 жылдың ақпан айынан бастап Үкімет аппараты басшысының бірінші орынбасары ретінде жұмысын жалғастырды. Сонымен қатар, бір-екі жыл Сенатта халықаралық байланыстарға жауапты қызмет атқарған кезеңі де бар.
Әкесінің бизнесі
Ғабит Сыздықбековтің әкесі – Әбдімәжит Саттарұлы Сыздықбеков бірнеше компанияның иесі әрі басшысы. Ол жетекшілік ететін негізгі кәсіпорындардың бірі – «Отырар-Агро» ЖШС. Бұл компания 20 жылдан бері жұмыс істеп, негізінен қой өсірумен айналысады. 2015 жылдан бері 8,2 млн теңге салық төлеген.
Әбдімәжит Сыздықбеков – сонымен қатар «Мерей М» ЖШС-нің жалғыз иесі. Бұл компанияның салықтық түсімдері жоғары – 2015 жылдан бері 67,7 млн теңге төлеген. «Мерей М» де субсидияға қатысты соттасқан. Онда 50 түйе, 125 жылқы және жайылымдық жер болған. Сот бұл компанияның талабын да қанағаттандырмаған.
Сонымен қатар Otyrar Charity қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы. Алайда бұл қордың нақты қызметі туралы ашық дереккөздерде ешқандай мәлімет жоқ.
Медиада Әбдімәжит Сыздықбеков көбінесе Геннадий Головкиннің жанкүйері ретінде танымал. 2015 жылы әйгілі боксшы Монакода өткен жекпе-жекке Сыздықбеков сыйға тартқан дәстүрлі шапанмен шыққан. Ал 2023 жылдың қыркүйегінде желіде Головкиннің бір ер адаммен әңгімелесіп, оның ұлы – Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековке сәлем жолдаған сәті түсірілген видео кең тарады.
Әкімнің батыл әрекеттері
2024 жылдың ақпан айында Ғабит Сыздықбеков жиналыс үстінде әкімдіктің лауазымды тұлғасы Азат Момыновты Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің өкілдері ұстап алып кеткен болатын. Сол кезде әкім бұл жағдайдың әкімдік қызметкерлеріне ой салатынын, шенеуніктердің әр нәрсенің сұрауы бар екенін айтқан. Сонымен бірге жемқорлыққа баратын шенеуніктерге мұндайда арашалап, қорғап қалар ешкімі қалмайтынын, сол үшін әркім өз міндетін адал атқаруы тиіс екенін ескерткен.
Сыздықбековтың полицейге дөрекі түрде ескерту жасаған сәтін де көпшілік ұмыта қоймады. Әкімнің бұл әрекеті де желіде қызу талқыланған болатын. Тұрғындармен сөйлесіп тұрған әкім артқа бұрылып полицейге ескерту жасаған.
«Ей, даусыңды көтермей сөйле, қалай-қалай сөйлейсің! Бар арғы жаққа. Жақындамасын. Ары тұр», – дейді әкім.
Жалпы алғанда Ғабит Сыздықбеков халық арасында әртүрлі пікірлерге ие. Оған қатысты алғыс айтатындар да, күмәнданатындар да бар. Шырайлы Шымкентті 2 жыл, 3 ай, 6 күн (828 күн) басқарып келе жатқан әкім халық үмітін ақтай ма, әлде қоғамда бар шаршау мен күйзелісті тереңдете түсе ме – бұл сұраққа нақты жауапты уақыттың өзі береді.