SCAT компаниясы Шымкент әуежайы үшін әкімдікке 90 млн теңге дивиденд төлеп отыр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: charterom.com

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков әуежайды басқаратын SCAT компаниясы мемлекетке 90 млн теңге дивиденд аударғанын мәлімдеді. Ал компания әуежайдан 39 млн теңге кіріс алуы мүмкін.

Брифинг барысында әкімнен жаңа терминалдың қала бюджетіне қанша пайда әкелгені жайлы сұралды. Сыздықбековтің айтуынша, әуежайдың жаңа терминалы SCAT әуе компаниясының жеке қаржысы есебінен салынған. Ал әуежай мен оның айналасындағы жер телімдері 10 жылға сенімгерлік басқаруға берілген.

«Компания мемлекетке дивиденд төлеп отыр. Өткен жылы терминал енді ғана іске қосылып, Duty Free, VIP-аймақтар секілді кейбір нысандар әлі толық аяқталмаған болатын. Қазіргі уақытта компания бұл бағытта келіссөздер жүргізіп жатыр. Өткен жылғы дивиденд көлемі – 91 млн теңге. Терминал мен жалпы әуежайдың толық жұмыс істеуіне қарай бұл сома ұлғаяды деп ойлаймын», – деді әкім.

Айта кетейік, Шымкент әуежайының ресми есебіне сәйкес, әуежай акцияларының 100%-ы Шымкент қаласының қаржы басқармасына тиесілі. 2024 жылдың қаңтарында SCAT компаниясымен келісім жасалып, әуежайдың мемлекеттік 100% акциясы 10 жылға сенімгерлік басқаруға берілген. Басқарушы компанияның міндетіне перронды қайта жаңғырту және кеңейту, сондай-ақ жаңғыртуға арналған бас жоспарды әзірлеу кіреді. Осы кезеңде компания әуежай ғимараттары мен құрылыстарын жаңғыртуға кемінде 4 млрд теңге инвестиция салуға міндетті.

Айта кетейік, елдегі 10 әуежай ішінде Алматы халықаралық әуежайы (ALA), Астана әуежайы («Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы»; NQZ) және Қарағанды әуежайы («Сарыарқа»; KGF) әуежайдың 92% кірісін және 97% таза пайдасын өздерінде шоғырландырған. Бұған бірінші кезекте жолаушылар тасымалы себеп деуге болады. Ресми статистикаға сәйкес, 2024 жылы әуе көлігімен Қазақстанда тасымалданған барлық жолаушылардың 64%-ы Алматы мен Астана әуежайларының үлесіне тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз