Былтырғыдан көп: Шымкент әкімдігі жаңа жылдық безендіруге 99 млн теңге жұмсамақ

Шымкент әкімдігі жаңа жылға қаланы безендіруге былтырғыға қарағанда 19 млн теңге артық жұмсайды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков барлық салада ақша үнемдеуге көшкенімен, жаңа жылдық безендіруге кететін қаржы көлемін биыл ұлғайтқан.
Мегаполис басшысы өзге әріптестері сияқты қаланы әсемдеу үшін пайдаланатын заттарды келер жылға дейін қоймада сақтайтынын айтады.
«Біз барлық сала бойынша үнемдеп келеміз. Әрине былтырғы қолданған безендіру материалдарының барлығы бес ауданда өз қоймаларында сақтаулы, оны міндетті түрде жыл сайын пайдаланатын боламыз», – деп мәлімдеді әкім Астанада өткен брифинг кезінде.
Ғабит Сыздықбеков биыл Шымкент пен оған қарасты аудандардың орталық алаңдарына табиғи шырша орнатуды жөн санаған.
«Өздеріңіз білесіздер, бізге қарасты 5 аудан бар, одан бөлек орталық алаңда шырша қойылады. Биыл менің бастамаммен табиғи шырша қоюды жоспарлап отырмыз. Жалпы бөлінген қаражат бүкіл қала бойынша 99 млн теңге«, – деп мәлімдеді қала әкімі.
Әкімнен не себепті безендіруге бөлінген қаржының мөлшері былтырғыға қарағанда көбірек екенін сұрап көрдік.
«Кейбір жерлерде қосымша жұмыстар жүргізу қажеттілігі туындап отыр. Дегенмен барлық сала бойынша үнемдеп келеміз«, – деп түсіндірді Ғабит Сыздықбеков.
Еске салайық, 2024 жылы Шымкент әкімдігі жаңа жылдық мерекеге орай қаланы безендіруге 80 млн теңге бөлген болатын. Бес ауданның әрқайсысына 16 млн теңгеден бөлінген еді.