Актер Ален Делонның ұлы әпкесін өсиеттен шеттетуді талап етті

Жарияланды 12 Желтоқсан 2025 11:05

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: ашық дереккөз

Француз киносының аңызы Ален Делонның кіші ұлы Ален-Фабьен швейцариялық сотқа жүгініп, әпкесі Анушканы әкесінің өсиетінен алып тастауды талап етті. Бұл туралы RTL хабарлады.

Іс бойынша сот отырысы 2026 жылдың наурыз айына белгіленген. Ален-Фабьеннің айтуынша, әкесі 2019 жылы инсульт алғаннан кейін когнитивтік қабілеттерінің әлсіреуіне тап болған, мұны бірнеше дәрігер растаған.

Оның сөзінше, актер 2022 жылы жаңа өсиетке қол қойған кезде әрекетке қабілетсіз болған. Дәл сол өсиетте Ален Делон брендін басқаратын компанияның бақылау пакеті – 51% акция қызы Анушкаға берілген. Ал 2015 жылы жасалған алғашқы өсиетті Ален-Фабьен даулауға ниетті емес екенін айтты.

Кіші ұл Анушканың нотариусқа баруды өзі талап етіп, әкесінің шешімдеріне ықпал еткенін алға тартады. Сондай-ақ әпкесін актердің есте сақтау қабілетінде қиындықтар болғанын дәлелдейтін медициналық құжаттарды жасырды деп айыптайды.

Ален-Фабьен талап-арызды өткен жылдың тамызында, Делон қайтыс болғаннан кейін бір жыл өткен соң берген. Бұл кідірісті медициналық деректерге қол жеткізе алмағанымен түсіндірді. Ал қыркүйек айында сот орындаушысы арқылы Анушка мен өгей ағасы Энтониге 2022 жылғы өсиеттің күшін жоюды көздейтінін ресми түрде хабарлаған.

Мұрагерлер арасындағы дау шамамен €300 млн көлеміндегі мүлікке қатысты. Актердің соңғы өсиетіне сәйкес, оның авторлық құқықтарынан түсетін табыс Анушкаға өтуі тиіс.

Еске салайық, Ален Делон 2024 жылдың тамыз айында 89 жасында өмірден өтті. Қайтыс боларынан жеті жыл бұрын актерлік мансабын аяқтағанын жариялаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз