Disney OpenAI-ға инвестиция салды, енді Marvel кейіпкерін нейрожелі жасайды

Walt Disney компаниясы OpenAI-ға 1 миллиард доллар инвестициялау жоспарын жариялады. Бұл келісім OpenAI-дың Sora нейрожелісіне анимациялық студияның кейіпкерлері, соның ішінде Disney, Marvel, Pixar және Star Wars кейіпкерлері қатысатын видеолар жасауға мүмкіндік береді.
Келісім шарттарына сәйкес, Sora нейрожелісі пайдаланушылардың сұраныстарына жауап ретінде анимациялық студияның кейіпкерлерімен видеолар жасайды. Ал Disney оларды өзінің Disney+ платформасында көрсете алады. Бұл 2026 жылдың басында жүзеге асады деп жоспарланған. Сонымен қатар, келісім студия актерлерінің сыртқы келбеті мен дауыстарын пайдалануға қатысты емес.
«Disney – бұл әлемдік сторителлингтің (әңгіме айтудың) алтын стандарты, және біз Sora мен ChatGPT Images-тің керемет контент жасау мен қабылдау мүмкіндіктерін кеңейту үшін ынтымақтасуға қуаныштымыз», — деп келтірілген релизде OpenAI негізін қалаушы әрі бас директоры Сэм Альтманның сөзі.
Релизде айтылғандай, Sora Disney, Marvel, Pixar және Star Wars-тың 200-ден астам анимациялық кейіпкерлері мен тіршілік иелері бар кітапханаға қол жеткізе алады. Кейіпкерлер қатарында Микки Маус, Золушка (Күлшеқыз), Симба, Лило және Стич, сондай-ақ басқа да танымал кейіпкерлер болады. Контент жасау үшін Sora анимациялық фильмдерде қолданылған костюмдерді, реквизиттерді, көлік құралдарын және локацияларды пайдалана алады.