
Freedom Holding Corp. бас директоры Тимур Турловқа қарсы кезекті PR-шабуыл 2025 жылғы 11 желтоқсанда анонимді Telegram-арналарында басталды.
Бұл арналар әдетте жағымсыз материалдар жариялаумен және біреудің ізіне түсумен айналысады. «Фридом Финанс» брокерлік компаниясы жөнінде әдейі жалған ақпарат таратқаны үшін «KazTAG» агенттігіне қатысты қозғалған қылмыстық істің аясында шабуыл өршіп отыр.
Ресейлік анонимді Telegram-арналар желісінде бірдей мәтін мен агрессивті риторика қолданылған ондаған жазба жарияланды. Бұл олардың ұйымдастырылған науқан екенін көрсетеді. Материалдарды «Компромат ГРУПП», FBI Russia, Dossier RU, «Компроматор», Spootnick, «Власть KG», «Зодчий», «Компромат СПБ», «Тимур и его команда», «Павел Корчагин», «Генераль Лебедь», «Глеб Жеглов», «Москвач Компромат Москвы», «K1», «Sputnik Russia», «Досье RU», «ОСТОРОЖНО СОБЧАКА!!!», «Власть», «DOFA» сияқты арналар таратып жатыр.
Олардың барлығы да бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай біркелкі айып тағуда. Бірақ бастапқы құжаттарға немесе тараптардың ресми ұстанымына сілтеме жоқ. Жарияланымдар «қаржы пирамидасы», «сериялық алаяқ», «чемодандарға толы кэш» секілді айдар таққан. Мұндай стиль журналистік зерттеулерге емес, «анонимді компромат» жанрына тән.
Каналдардың басым бөлігі өз контентін өндірмейді. Тек «Компромат ГРУПП» және оған байланысты клон-сайттардың материалдарын қайта жариялайды. Жариялымдардың синхронды шығуы, стильдің бірдей болуы және ортақ айыптау тезистері ақпараттық кеңістіктің тәуелсіз реакциясы емес, «KazTAG» ісі аясында Турловқа қысымды күшейтуге бағытталған әрекет екенін аңғартады.
«KazTAG» ісінің айналасындағы ақпараттық шу анонимді ресурстар желісі арқылы қолдан жасалып жатқанын байқатады. Олардың негізгі мақсаты – оқиғаны объективті түрде жеткізу емес, тиімді талқы қалыптастыру.
Бұл жөнінде «Курсивке» берген сұхбатында «Фридом Финанс» адвокаты Александр Камендровский айтты. Оның айтуынша, Telegram-арналардың және жалған жаңалық сайттарының бұл желісі «KazTAG»-тың тікелей ықпалында да болмауы да мүмкін.
«Мұнда сөз ықпал ету желілерінің тоғысуы туралы болып отыр. Олардың өзі көптен бері түрлі қаржы-өнеркәсіптік топтардың құралына айналған. Мұндай құрылымдарда тараптар арасындағы дау-дамай – ауқымды ақпараттық механизмдерді іске қосуға тек сылтау ғана. Сондықтан сырт көзге KazTAG сөзін қолдап тұрғандай көрінетін желі шын мәнінде ірі ойыншылар қысым жасау, саудаласу немесе өзара қатынастарын анықтау үшін қолданатын әлдеқайда кең медиа және телеграм-конструкциялардың бір бөлігі болуы мүмкін», – деді ол.
Александр Камендровскийдің пікірінше, күмәнді материалдар жариялайтын ресейлік Telegram-арналар нарығы әлдеқашан Қазақстандағы және басқа елдердегі жергілікті топтар өзара есеп айырысатын, мүдделерін өткізуге немесе өздеріне тиімді талқы қалыптастыруға пайдаланатын алаңға айналған.
«Жыл басынан бері Тимур Турлов туралы жүздеген анонимді Telegram-арналарда 53 мың жарияланым шықты (оларды біз редакцияға танысу үшін бердік). Олардың арасында «Футляр от виолончели – РУСПРЕС», «Компромат ГРУ», «Агрегатор компромата», «Коррупционная Воркута», «ВЧК-ОГПУ» және «Преступная Россия» бар. Айтпақшы, «Компромат Групп» – бұлардың ішінде ең агрессивті құрал емес. Сол «Футлярда» және «Компромат ГРУ»-да 115 материал шыққан. Ал олардың негізгі ядросында жиі кездесетіні – «ВЧК-ОГПУ». Ол кез келген құрылымдар арасындағы қақтығыстарда ақпараттық сыбыс тарату үшін жұмыс істейді», – деді адвокат Камендровский.
Сонымен қатар, ол Тимур Турловты қаралау мақсатындағы жаппай ақпараттық кампаниялар алты жылдан бері тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқанын атап өтті. Ондаған мың фейк-қауесеттер мен жүздеген жарияланымдар шыққан.
«Кез келген адам бұл контенттің бәрі бір үлгіде екенін көре алады: бірдей тезистер, көшіріп қойғандай қайталанатын күлкілі мысалдар. Мұның бәрі – беделді түсіру және іздеу жүйелерін манипуляциялау мақсатында жасалған тапсырысты жарияланымдардың белгісі», – деп түсіндірді Александр Камендровский.
«Курсив» 2020 жылы-ақ орыс тілді компромат нарығының жылдық көлемі жүздеген миллион долларды құрайтынын жазған еді. Беделге зиян келтіру мақсатында компромат жариялау – бизнес-даулардағы сұранысқа ие әрі қымбат құралға айналды. Анонимді кез келген құжатты немесе ақпаратты мақсатты аудиторияға тікелей жеткізуге мүмкіндік берді.
2025 жылы «KazTAG» ақпарат агенттігі «Фридом Финанс» инвесторлары зардап шекті деген бірқатар мақала жариялады. Онда компания олардың қаржы жоғалтуына кінәлі деп көрсетілген. Бұған жауап ретінде «Фридом Финанс» өкілдері мұндай жарияланымдар компанияға қарсы жасалып жатқан манипуляция екенін және шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Брокердің ресми түсіндірмесінде бұл материалдар компанияның дауларды заңсыз «соттан тыс шешуге» қатысудан бас тартуына жауап ретінде жасалған жоспарлы PR-кампания екені айтылды.
Алматы қаласының полиция департаменті «Фридом Финанс» брокерлік фирмасы туралы әдейі жалған ақпарат таратқаны үшін «KazTAG» басшылығына қатысты қылмыстық істі алдын ала тергеп жатыр. 9 желтоқсанда департаментте агенттік бас директоры Әсет Матаев пен бас редактор Амир Қасеновтен жауап алынды. Олар күдікті деп танылды.
Freedom Holding Corp. бас директоры әрі негізгі акционері Тимур Турлов 9 желтоқсанда Алматыда журналистермен кездесуде «KazTAG» материалдарына қатысты түсініктеме беріп, олардың фактілерге сәйкес келмейтінін атап өтті. Сонымен қатар «Фридом Финанс» басқарма төрағасы Сергей Лукьянов KazTAG-тың кампаниясы негізделген деректердің шындыққа қайшы екенін растайтын нотариалды құжаттық дәлелдерді ұсынды.