
Астана қаласының мәслихаты отырысында әкім Жеңіс Қасымбек елорда халқы қалай өсіп жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, қазір Астанада 1,6 млн адам тұрады.
Отырыста сөз сөйлеген қала басшысы жергілікті кірістіліктің есебінен келесі жылы қала бюджеті 1,1 трлн теңге болатынын айтты.
«Сол ақшаға қалада бәрін салып тастау мүмкін емес. Сонда да жыл ішінде кейбір жобаларды нақтылауға болады. Көп мәселе бар. Екі жыл бойы бізге «Жайлы мектеп» жобасы жақсы көмектесті. Енді одан кейін өз күшімізге сенуге тура келеді. Денсаулық сақтау саласында да сондай мәселелер бар. Бізге Мемлекет басшысы, Үкімет пен Самұрық-Қазына қоры перзентхана мен көпбейінді аурухана бойынша қолдау білдіріп отыр. Травмпункт те салынады. Екі емхана салынады. Оның біреуі мемлекеттік. Ол емхананың бірі қазір әкімдік соттасып қайтарғалы жатқан жерде салынады. Әлеуметтік желілерде сол жердегі тұрғындардың «бұл жерде үй салынады екен» деген шағымын оқыдым. Ол жерде ешқандай үй салынбайды. Көктал ауданында да мемлекеттік емхана бой көтереді. 9 емханаға жүктеме азаяды», – дейді ол.
Жеңіс Қасымбектің сөзінше, қала уақыт өткен сайын өсіп келеді.
«Жыл сайын қосымша 100 мың адам тіркеледі. Қазір ресми түрде қалада 1,6 млн адам тұрады. Жыл соңында нақты халық саны белгілі болады. Миграциядағы азаматтар күн сайын қалаға 200 мыңға жуық азамат келіп жұмыс істейтінін, оқып, емделетінін айтады. Сондықтан қалада жыл сайын әлеуметтік нысандарды дамыту керек», – дейді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Жеңіс Қасымбек қалалық мәслихаттың отырысында Астананы қылмыс жағынан Каракасқа теңеген депутатқа қатаң түрде тоқтау қойды.