Жаңалықтар

«Өрт деп айқайладым»: Шымкентте ондаған отбасы тұратын жатақханадан өрт шықты

Фото: shutterstock

Кеше кешке Шымкенттегі ескі жатақханалардың бірінен өрт шығып, ондаған отбасын үрейге салды. Ресми мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ.

12 желтоқсанға қараған түні Шымкент қаласы Тассай ықшам ауданындағы 5 қабатты жатақхананың 3-ші қабатынан өрт шыққан. Әбүйір болғанда жалын шарпығанын тұрғындар байқап, көмекке шақырған. Тұрғындардың сөзінше, өрт электр желісінен басталған. Жатақхананың 5-қабатында отбасымен тұратын әйелдің сөзінше, әуелі жарық сөніп қалған. Дәліздегі жарықты сөндіретін автоматқа барғанда 3-қабаттан өрт шыққанын байқаған. Сол сәтте айқай салып, көрші-қолаңына дабыл қаққан.

«Жан дауысым шығып жүгірдім. Сол сәтте тұйықталу басталған еді. Өрт, өрт деп айқайладым. Бүкілі сыртқа шығып үлгерді. Шыны керек, өміріміз қыл үстінде тұр» дейді ол көзіне жас алып.

Тұрғындардың сөзінше, жатақханада 100 шақты отбасы бар. Онда кемі 300 адам өмір сүреді. Дәліздегі электр желілері ашық-шашық жатыр. Табиғи газ тартылмаған, тамақ істеу үшін газ баллонын пайдаланады.

Қалалық төтенше жағдайлар департаменті өрт болғанын растады. Хабарлауынша, 3 қабаттағы электр қалқаны жанып кеткен.

«Оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндірушілердің үйлестілірген және жедел әрекетінің арқасында өрттің таралуына жол берілмей, 7 минутта толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда» дейді Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Нұрдаулет Ерғали.

Өртті сөндіруге 10 жеке құрамы тартылған.

Мамандар тұрғындарды электр құралдарын пайдалану кезінде абай болуға шақырады.

Құралдарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаумен бірге шамадан тыс жүктемеу керектігін ескертеді.

Бұған дейін, Түркістан облысында өрттен 12 адам қаза тапқан.