
Қазақстанда тексерілмеген етті сату үшін жазаны қатаңдату жоспарланып отыр. Ветеринария туралы заң осыны көздейді.
Informburo ақпаратына қарағанда, бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлімдеді.
Оның айтуынша, кейбір кәсіпкерлер етті жалған мөрлермен немесе рұқсат құжаттарсыз сатып жатыр. Сондықтан министрлік мұндай заңсыз өнімдерді өткізуге қатысты жазаны күшейтетін нормалар әзірлеген. Тиісті түзетулер ветеринария туралы заңға енгізілген.
«Біз ветеринария туралы заңды дайындап жатырмыз. Ол келесі жылдан бастап парламентте талқыланады деп ойлаймын. Осы заңда біз айыппұлдарды күшейттік және мұндай іспен айналысатындарға қылмыстық жауапкершілік енгізгіміз келеді», – деді Бердалин сенаттағы брифингте.
Оның пікірінше, қазіргі заң бойынша ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өтпеген етті сатуға тыйым салынады. Алайда кәсіпкерлер қазіргі 3 АЕК айыппұлдан қорықпайды. Басқа талап жоқ. Сондықтан айыппұл санкциялары оларды тоқтатпай отыр.
Ол азаматтардың азық-түлік қауіпсіздігі бірінші орында тұруы керек екенін атап өтті.
Мұның алдында Қытайдың Қазақстанның мал етін импорттау үшін инспекция жүргізетіні жарияланды.