Lifestyle

Қысқы демалыс: Қазақстанның 7 өңіріндегі тау-шаңғы локациялары

фото: kursiv.media архиві

Қыс мезгілінің басталуымен тау шаңғысы курорттарында демалуға деген қызығушылық арта түседі. Қазақстанның әр өңірінде туристерге арналған шаңғы, сноуборд және өзге де қысқы белсенділіктерді ұсынатын демалыс орындары бар. Kursiv LifeStyle ел аумағындағы 7 өңірде орналасқан танымал тау-шаңғы локацияларын назарға ұсынады.

Алматы қаласы

Шымбұлақ

Еліміздегі ең танымал тау-шаңғы курорты. Ұзындығы 20 шақырымға жуық әртүрлі деңгейдегі трассалар, заманауи аспалы жолдар және жабдықтарды жалға беру пункттері жұмыс істейді. Сонымен қатар, курорт Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемдегі ең биік түнгі шаңғы трассасымен белгілі.

Қосымша белсенділіктер: zipline, атқа міну, коньки тебу, парапланмен ұшу.

Pioneer отбасылық тау курорты

Ұлттық саябақ аумағында, теңіз деңгейінен 2000 метрден астам биіктікте орналасқан. Трассалардың жалпы ұзындығы 3000 метрді құрайды. Әуесқойлар мен тәжірибелі спортшыларға бірдей қолайлы. Курорт жыл бойы жұмыс істейді.

Қосымша мүмкіндіктер: табиғи маршруттар, отбасылық бағдарламалар, жабдықтарды жалға алу.

Алматы облысы

Oi-Qaragai

Отбасылық демалысқа бағытталған тау курорты. Мұнда жалпы ұзындығы 28 шақырымды құрайтын 15 трасса бар. Аумағында қонақ үйлер, мейрамханалар және ойын-сауық аймақтары орналасқан.

Қосымша белсенділіктер: арқан саябағы, ат спорты орталығы, садақ ату, пейнтбол, экскурсиялар.

Ақ Бұлақ

Әртүрлі дайындық деңгейіндегі шаңғышыларға арналған трассалар ұсынады, фрирайд үшін де қолайлы. Трассаның ұзындығы 2500 метрге дейін жетеді, көтергішпен көтерілу уақыты 8–13 минут.

Қосымша мүмкіндіктер: санаторий-курорттық сауықтыру бағдарламалары, квадроциклдер.

Ақмола облысы

Orman Ski Resort
Щучинск–Бурабай курорттық аймағында орналасқан. Жалпы ұзындығы 800 метрлік трассалар, көтергіштер, кешкі жарықтандыру жүйесі бар.
Белсенділіктер: тау шаңғысы, сноуборд, тюбинг, шанамен сырғанау, қарағайлы орманда серуендеу.

Elikti Park
Көкшетау қаласынан 25 шақырым жерде, Зеренді ауданында орналасқан. Ұзындығы 4 шақырымға дейінгі трассалар, бугельді және кресельді көтергіштер қарастырылған.
Белсенділіктер: тау шаңғысы, сноуборд, тюбинг, коньки тебу, таза ауада серуендеу.

Нұртау
Щучинск–Бурабай курорттық аймағында орналасқан. Трассаның ұзындығы 800 метр. Аспалы жол, сырғанау аймақтары және сноутюбингке арналған көтергіштер бар.

Шығыс Қазақстан облысы

Алтай Альпі
Өскемен қаласынан 24 шақырым жерде орналасқан. Ұзындығы 4,5 шақырымға дейін жететін 12 еңіс бар. Курорт қараша айынан сәуірге дейін жұмыс істейді. Нұсқаушылар қызметі мен жабдықтарды жалға беру пункттері қолжетімді.
Қосымша белсенділіктер: пантотерапия, балық аулау, атпен серуендеу, арқан саябағы.

Нұртау
Облыс орталығынан 35 шақырым жерде орналасқан. Трассаның ұзындығы 2000 метр. Екі негізгі және бір оқу трассасы, фрирайд аймақтары, коттедждер мен балаларға арналған аймақ қарастырылған.
Белсенділіктер: тюбинг, монша, ошақ алаңы, экскурсиялар.

Риддер қаласы маңындағы локациялар

Stardust Camp
Верхняя Хариузовка ауылында орналасқан. Трассаның ұзындығы 1000 метр, бугельді көтергішпен жабдықталған. Қонақ үй мен глэмпинг бар.
Қосымша белсенділіктер: тюбинг, сырғанақ.

Эдельвейс
Түрлі деңгейдегі трассалар мен слаломға арналған сертификатталған еңістер бар. Трассаның ұзындығы 1300 метр.
Қосымша мүмкіндіктер: тауға шығу, коньки тебу.

Түркістан облысы

Алатау
Жыл бойы жұмыс істейтін тау курорты. Төле би ауданының Нысанбек ауылында орналасқан. Трассаның ұзындығы 1800 метр.
Белсенділіктер: тау шаңғысы, сноуборд, тюбинг, қарда жүретін көліктер, арнайы қысқы құралдар, атпен серуендеу маршруттары.

Павлодар облысы

Мырзашоқы
Қаражар ауылына жақын орналасқан тау-шаңғы базасы. Трассаның ұзындығы 960 метр. Аспалы жол және жабдықтарды жалға беру пункті бар. Базада қонақ үй қарастырылмаған.
Қосымша белсенділіктер: тюбинг, таза ауада серуендеу, қарда жүретін көліктер.