Жаңалықтар

Шымкентте жылына 500 адам қатерлі ісіктен қайтыс болады

фото: ашық дереккөзден

Шымкентте жыл сайын шамамен 500 адам қатерлі ісік ауруынан көз жұмады. Ал 1500 адам дәл осы ауруға шалдығып, тіркеледі. Жалпы қазір қалада 9 мыңға жуық науқас тіркелген. Олардың басым бөлігі сүт безі, өкпе, асқазан және жатыр мойны ісігімен емделіп жүр.

«3 рет ота жасалды»

Зейнеткер Шахризада Молдабекова соңғы 10 жылдан бері Шымкент қалалық онкологиялық орталықта тіркеуде тұрады. Айтуынша, осы уақыт аралығында 3 рет ота жасалған. Әуелі сүт бегі ісігі диагнозы қойылған. Екі рет ота жасалған. Тіркеуде тұрғаннан соң жарты жылда бір рет толық тексеруден өтуді әдетке айналдырған. Соңғы рет емхана дәрігерлері дереу онкологиялық орталыққа баруын сұранған. Орталықта сүт безінен бөлек жатыр ісігін анықтаған. Жақында дәрігерлер оған жаңа әдіспен тіліксіз ота жасауға шешім еткен.

«Құдайға шүкір, қазір жағдайым жақсы. Ота сәтті жасалды» дейді ол көзі жасаурап.
Онкология орталығы директорының орынбасары, онколог Дәулет Жұмағали ауру 1-ші және 2-ші сатысында анықталса оны емдеуге мүмкіндік көп екенін айтады. Ал уақыт өткізіп алса, оның соңы өлімге әкелуі мүмкін дейді.

«Егер ісікті 1-ші және 2-ші сатысында анықтайтын болсақ, науқастың айығып кетуіне 85-100 пайыз кепілдік береміз. Ал 3-ші, 4- ші сатыға өткізіп алып келсе, ол өте қауіпті. Өйткені, мысалы, өкпе ісігіне шалдыққандардың 17-25 пайызы ғана 2-ші сатыға өткенде емге келеді. Қалғаны асқынған түрімен келеді. Асқынғанда да күресе аламыз. Бірақ, біріншіден ем созылып кетеді. Алғашқы кезеңде анықталатын болса, оған 350 мың теңгеден 5 млн теңгеге дейін ақша жұмсалады. Ал асқынған түріне 25-50 млн теңгеге дейін ақша жұмсаймыз», – деді онколог.

9 мың адам тіркеуде тұр

Онкологтың айтуынша, Шымкентте жылына 9 мыңға жуық адам онкология орталығында тіркеуге алынған. Оның тең жартысы 3-ші және 4-ші сатыға өткендер. Жалпы жылда бір жарым мыңға жуық адам онкологиялық ауруға шалдыққаны анықталады. Ал 500-ге жуық адам осы аурудан қайтыс болады.

«Бізде, мысалы, бірінші орында сүт безі ісігі тұр. Бұл көбіне скринг кезінде анықталып жатыр. Екінші кезекте өкпе ісігі, үшіншісі асқазан, жатыр мойны ісігі. Ауруға шалдығудың белгілері әлсіздік, тәбеттің жоқтығы, азу, қан түкіру, асқазан тұсының ауырсынуы. Ең бірінші клиникалық көрінісі етке лоқсу», – дейді онколог Дәулет Жұмағали.

Осыған дейін  Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың онкоурологы Шалқарбек Мұғалбековпен сұхбат жариялаған едік. Оның сөзінше, дәрет сындыру үшін түнде бірнеше рет ояну онкологияның алғашқы белгісі болуы мүмкін.