Жаңалықтар

TIME 2025 жылдың жыл адамы деп ЖИ авторларын атады

фото: TIME журналы

TIME журналы 2025 жылдың «Жыл адамы» болып жасанды интеллект (ЖИ) жасаушыларын атады.

«2025 жыл жасанды интеллекттің әлеуеті толықтай ашылып, артқа жол жоқ екені айқын болған жыл болды. Ойлайтын машиналар дәуірін бастағаны үшін, адамзатты таңғалдырып, алаңдатқаны үшін, қазіргі уақытты өзгертіп, мүмкін болатын шектен шыққаны үшін, ЖИ жасаушылары TIME журналының 2025 жылғы «Жыл адамы» болып танылды, — делінген журналдың X әлеуметтік желісіндегі аккаунтында.

Мұқабалардың бірінде ЖИ жасаушылары бейнеленген: Meta басшысы Марк Цукерберг, AMD бас директоры Лиза Су, xAI, SpaceX және Tesla жетекшісі Илон Маск, OpenAI басшысы Сэм Альтман, Nvidia басшысы Дженсен Хуанг, DeepMind бас директоры Демис Хассабис, Anthropic басшысы Дарио Амодей және ImageNet негізін қалаушы Фэй-Фэй Ли.

Басылым редакторы Сэм Джейкобс өзінің бағанасында «Жыл адамы» сыйлығы  өмірімізді қалыптастырып жатқан адамдарға бүкіл әлемнің назарын аударудың қуатты әдісі екенін атап өтті.

«Және биыл ешкім де ЖИ-ды ойлап тапқан, жобалаған және жасаған адамдардай үлкен әсер еткен жоқ. Адамзат ЖИ дамуының одан әрі жолын анықтайды, және әрқайсымыз оның құрылымы мен болашағын анықтауда өз рөлімізді атқара аламыз», – деп жазды журнал редакторы.