Алпамыс жыры, Салбурын және тақия ЮНЕСКО мәдени мұралар тізіміне енуі мүмкін

Жарияланды 12 Желтоқсан 2025 13:31

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Бүркітші мен бүркіт
Бүркітші мен бүркіт / фото: gov.kz

«Алпамыс жыры», «Салбурын» құс салу өнері, киіз басу, кесте тігу, сонымен бірге тақия ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енуі мүмкін. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин осылай деп мәлімдеді.

Әлем таниды

Адамзат жетістіктері ұйымның үкіметаралық комитетінің 20-сессиясында талқыланады. Кеңес Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп жатыр.

Осының алдында ғана «Киіз үй жасау және қолдану дәстүрі» мәдени мұралар тізіміне енген. Мұндай ұсынысты Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан бірге өткізген.

«Бұл киіз үйді әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі ретінде тану мүмкіндігін арттырады және Орталық Азия мұрасының ортақ екенін айғақтайды», – деп есептейді Қарин.

Тағы бес ұсынысты қарайды

Енді комиссия қазақ мәдениеті мен салт-дәстүріне қатысы бар тағы бірнеше ұсынысты қарайды. Олардың арасында көшпелі халықтардың ежелден келе жатқан «Салбурын» құс салу өнері де бар. Мұндай ұсынысты Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан бірге өткізген. Дәл осы үш ел «Кесте тігу өнерін» мәдени мұралар тізіміне қосуды сұраған.

Бұдан бөлек, ЮНЕСКО комитетінің отырысында тағы үш ұсыныс талқыланады. Олар:

ЮНЕСКО-ға талқылауға ұсынылатын ұсыныстар

ЮНЕСКО талқылайтын ұсыныстар

  • «Киіз басу өнері» – Азия халықтарының тұрмысына қажетті өнер

    (Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Иран, Моңғолия, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан)

  • «Алпамыс жыры» – түркі халықтары ауыз әдебиетінің мол мұрасы

    (Қазақстан, Әзербайжан, Түркіменстан, Түркия, Өзбекстан)

  • «Тақия» – түркі халықтарының дәстүрлі бас киімі

    (Қазақстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия)

Қариннің айтуынша, Қазақстан осыған дейін ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының репрезентативті тізіміне 14 аталым қосқан. Республика осы көрсеткіш бойынша 183 мемлекеттің ішінде үздік 25 елдің қатарында тұр.

Бұған дейін Kursiv.Media Жидебайдағы құсбегілер турниріне жүз шақты жыртқыш құс қатысқаны туралы жазған.

Сондай-ақ оқыңыз