Жаңалықтар

Украин дрондары Каспий теңізіндегі мұнай кен орнын атқылады

Каспий теңізі дрондар шабуылы дрон мұнай
коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Украина 11 желтоқсан, бейсенбі күні Каспий теңізіндегі ірі мұнай платформасына соққы жасағанын мәлімдеді. Украин әуе күштері Ресейдің осы теңіздегі өндіріс инфрақұрылымдарына алғаш рет шабуылдап отыр, дейді CNN дереккөзі.

Қазақстанға өте жақын

Дрондар нысанына айналған «Филановский» мұнай платформасы санкциялар қысымына ұшыраған «Лукойл» компаниясына тиесілі. Ол Ресейдің Каспий теңізі секторындағы ең ірі мұнай кен орны. Ол Қазақстанның Қашаған, Құрманғазы және Хазар кен орындарына өте жақын маңда орналасқан.

Телеарна 2024 жылдан бері Киевтің ресейлік энергетика нысандарына шабуылын үдеткеніне мән беріп отыр. Енді украин әуе күштері мұнай өңдеуші зауыттарды ғана емес, мұнай-газ экспорттайтын инфрақұрылымға, құбырларға, танкерлерге, сонымен бірге теңіздегі бұрғыларға дүрсін-дүрсін соққы жасай бастады.

Соғыстың шешуші сәті

ACLED (Armed Conflict Location & Event Data) жобасы мен CNN сараптамасына қарағанда, 2025 жылғы қарашада өте көп шабуыл тіркелген. Мұндай әскери науқан соғыстың ең шешуші сәтінде үдей түсті, деп атап өтті телеарна.

Мәліметтерге қарағанда, биыл тамыз бен қараша айлары аралығында Украина Ресейдің кем дегенде 77 энергетика нысанына шабуылдаған. Мұндай көрсеткіш жылдың алғашқы жеті айындағы соққылардан шамамен екі есе көп. Қарашада ғана ресейлік мұнай өңдеу зауыттарына кемі 14, ал шикізат экспорттаушы терминалдарға төрт шабуыл ұйымдастырылды.

CNN бір нысанды дүрсін-дүрсін атқылау тактикасына мән берді. Мәселен, украин күштері «Роснефть» компаниясына тиесілі Саратов мұнай өңдеу зауытына тамыздан бері сегіз мәрте шабуылдаса, соның төртеуі қарашада болған.

Қазақстан мүддесіне қайшы

Қара теңіздегі Новороссийск және Туапсе порттары, сонымен бірге Балтық теңізіндегі Усть-Луга да қайта-қайта шабуылға ұшырады. Әсіресе мұнай құбырларына қауіп төнді. Ресей мен Қазақстан мұнайын Еуропа одағы елдеріне жеткізетін «Дружба» құбырына тамыздан бері бес мәрте соққы жасалды.

Қарашаның аяғында Қазақстанда өндірілетін бүкіл мұнайдың 80%-ын Қара теңізге жеткізетін Каспий құбыр консорциумына (КҚК) төрт күннің ішінде екі мәрте дрондар шабуылына ұшырады. Соның салдарынан шикізат экспорттау шектеліп, Қазақстан аз уақыттың ішінде шамамен 225 млн доллар шығынға батты. Елдің сыртқы істер министрлігі Киев әрекетін сынады.