
Тоқаев бүгін Ашхабадтағы халықаралық форумға қатысты. Өз сөзінде Украина мен Ауғанстандағы жағдайға тоқталып өтті.
Президент Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөздер жалғасуы керек деп есептейді. Ол мұндай сәтте ірі державалардың саяси ерік-жігер көрсетуі өте маңызды деп санайды.
«Қазірдің өзінде жаһан жік-жікке бөлінуден, тіпті ядролық соғыстан бас тартып, бейбітшілік, сенім, ынтымақ секілді құндылықтарды басшылыққа алған кезде әлемде әділетті және орнықты тәртіп орнатуға болатыны белгілі болды. Осы орайда еліміз Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөз процесінің жандануына қолдау білдіреді. Ресей мен АҚШ президенттерінің Анкоридждегі кездесуінен кейін бейбітшілік пактісінің негізгі ережелері белсенді талқылана бастады. Бұл көптен күткен бітімге келу мүмкіндігін жақындатты», – деді ол.
Сондай-ақ ол Ауғанстанға көмек көрсетуді жалғастыра беру керек деп атап өтті.
» Алматыдағы Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ өңірлік орталығы осы бағыттағы ынтымақтастықты үйлестіретін маңызды платформаға айналды. Тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуда Азиядағы өзара іс-қимыл сенім шаралары жөніндегі кеңес маңызды рөл атқарады. Бұл форум өзінің саяси тұрғыдан өзектілігін дәлелдеді. Осыған орай АӨСШК қызметіне, соның ішінде форумды толыққанды халықаралық институтқа айналдыруға қолдау көрсеткені үшін серіктестерімізге алғыс айтамыз», – деді ол.
11 желтоқсанда Халықаралық бейбітшілік және сенім жылына арналған форумға қатысу үшін Тоқаев Түркіменстанға арнайы барған. Әуежайда оны Түрікменстан халық мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов күтіп алды.